Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

"Путинді Түркияда күтемін": Зеленский, Трамп және басқа көшбасшылар Путиннің келіссөз жүргізу туралы ұсынысына қалай жауап берді

Фото: president.gov.ua

Украина президенті Владимир Зеленский Ресей дүйсенбіден бастап атысты тоқтатады деп үміттенетінін жеткізді. Батыс көшбасшылары да алдымен атысты тоқтатуға үндеп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Зеленский 15 мамырда Ыстамбұлда Ресей басшысы Владимир Путинді күтетінін айтты. 

"Біз ертеңнен бастап атысты тоқтатады деп күтіп отырмыз – дипломатияға қажет негізді қамтамасыз ететін толық және ұзақ мерзімге. Адам өлтіруді созудың қажеті жоқ. Ал Путинді бейсенбі күні Түркияда күтемін. Жеке өзім. Бұл жолы ресейліктер сылтау іздемейді деп үміттенемін", – деп жазды Зеленский жексенбі күні Telegram-дағы арнасында.

Кейінірек кешке қарай сөйлеген сөзінде Зеленский Ыстамбұлға баруға ниетті екенін растады және дипломатияға негіз болатын ұзақ мерзімді бітім бейбітшілікті айтарлықтай жақындата алатынын айтты.

"Украина мұны көптен бері ұсынып келеді, серіктестеріміз де ұсынып келеді. Мұны бүкіл әлем айтып жатыр. Біз Ресейден нақты жауап күтеміз", – деді Зеленский.

Украина президентінің мәлімдемелерінен аз уақыт бұрын АҚШ президенті Дональд Трамп Киевті Ресеймен Түркиядағы келіссөздерге дереу келісім беруге шақырды.

"Президент Путин Украинамен бітімге келу туралы келісім жасағысы келмейді. Оның орнына ол қантөгісті тоқтату туралы келіссөздер жүргізу үшін бейсенбі күні Түркияда кездесу өткізуді ұсынып отыр. Украина бұған дереу келісім беруі керек", – деп жазды Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісінде.

"Қалай болғанда да олар келісімге қол жеткізуге болатын-болмайтынын анықтай алады, болмаса, еуропалық көшбасшылар мен Америка Құрама Штаттары жағдай қалай болып жатқанын біліп, соған сәйкес әрекет етеді", – деп қосты Трамп.

Жексенбі күні таңертең Владимир Зеленский Украина Ресеймен бейбіт келіссөздерді бастау шарты ретінде атысты тоқтату қажеттілігін талап етіп отырғанын айтты. Бұл оның Владимир Путин батыс елдерінің дүйсенбіден бастап 30 күндік бітім турлы талаптарын қабылдамай, бірақ келесі аптада Ыстамбұлда тікелей Ресей-Украина келіссөздерін өткізуді ұсынған мәлімдемесіне алғашқы реакциясы болды.

"Тіпті адам өлтіруді бір күнге де созудың еш мәні жоқ. Біз ертең, 12 мамырдан бастап Ресей атысты толық, ұзақ және сенімді түрде тоқтататынын растайды деп күтеміз және Украина кездесуге дайын", – деді Зеленский.

Сенбі күні Ұлыбритания, Франция, Германия және Польша басшылары Киевке барып, бейбіт процесстің басталуын қамтамасыз ету үшін Ресей 12 мамырдан бастап атысты тоқтатуы керектігін айтты. Олар ұсыныс қабылданбаса, Ресейге қарсы жаңа санкциялар саламыз деп қорқытып, АҚШ президенті Дональд Трамптың бұл ұстаныммен келіскенін атап өтті.

Бұған жауап ретінде Путин түн ортасында мәлімдеме жасап, Украинаны бұған дейін бітім жасасу туралы келісімдерді бұзды деп айыптап, 30 күндік бітімге келу талаптарын қабылдамады. Оның орнына ол 15 мамырда Ыстамбұлда тікелей бейбіт келіссөзді бастауды ұсынды.

Жексенбі күні Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған Путин мен Франция президенті Эммануэль Макронға телефон шалып, Ресей мен Украина арасындағы бейбіт келіссөздерді өткізуге дайын екенін растады.

Жексенбі күні Украинаның еуропалық одақтастары іс жүзінде бірдей мәлімдемелер жасап, бітімге келуді талап ететінін жеткізді.

Франция президенті Эммануэль Макрон Ресей президентінің ұсынысын "алғашқы қадам, бірақ жеткіліксіз" деп атады. 

"Сөзсіз атысты тоқтату келіссөздерден бұрын болмайды", – деді Макрон Киевтен  қайтып бара жатқан кезде Польшаның Пшемысль қаласында журналистерге – "Путин тығырықтан шығудың жолын іздейді, бірақ уақыттан ұтқысы келеді".

Жексенбі күні таңертең Макрон келіссөздер әскери әрекеттермен қатар жүруі мүмкін емес деп санайтынын жазды.

"Киевте және президент Трамппен бірге біз нақты ұсыныс жасадық: дүйсенбіден бастап ешқандай шартсыз 30 күндік бітім. Президент Зеленский бұған келісіп, ешқандай шарт қойған жоқ. Енді біз Ресейден дәл осындай нақты жауап күтеміз. Қару сөйлеп тұрғанда келіссөз жүргізу мүмкін емес. Сол уақытта бейбіт тұрғындарды бомбалап жатса, келіссөз жүргізу мүмкін емес. Келіссөздер басталуы үшін атысты қазір тоқтату керек. Бейбітшілік үшін", – деп жазды Макрон Х желісінде.

Макрон мен Зеленский сияқты Германия канцлері Фридрих Мерц Путиннің сөзін "жақсы белгі" деп атады, бірақ бұл "қажеттеліктен алыс" екенін атап өтті.

"Мәскеу шынайы келіссөздер жүргізуге мүмкіндік беретін бітімге келуге келіседі деп күтеміз. Алдымен қару-жарақ тыным табуы керек, содан кейін талқылаулар басталуы мүмкін", – деп келтіреді AFP ақпарат агенттігі Мерцтің бұл тұрғыдағы пікірін.

"Біздің үндеуімізге жауап ретінде ресейліктер 15 мамырдан бастап бейбіт келіссөздер жүргізуді ұсынды. Бірақ әлем дереу және шартсыз бітімге келу туралы нақты шешімді күтіп отыр. Украина дайын, – деп жазды Польша премьер-министрі Дональд Туск X желісінде.

Еске салсақ, 11 мамырда Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин Украинаға ешқандай шарт қоймастан тікелей келіссөздер жүргізуді ұсынған еді. Ресей тарабы мұндай диалогты 15 мамырда-ақ Ыстамбұлда бастауға дайын екенін жеткізді.

Айнұр Мұхади
Дүйсенбі, 12 Мамыр, 2025 10:22
Талқылау