Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев Ресей президентінің резиденциясына жасалған шабуыл әрекетін айыптады

Путин Тоқаев пен Назарбаевты Жаңа жылмен құттықтады Фото: Ақорда/РИА Новости / Алексей Никольский/nazarbayev.kz/ru

Ресей президенті Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевпен телефон арқылы сөйлесті. Президенттер Қазақстан-Ресей қатынастарын дамыту мәселелерін талқылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті. 

Ел президенттері жылды қорытындылап, Қазақстан-Ресей қатынастарын дамыту мәселелерін талқылап, кешенді стратегиялық серіктестік деңгейіне қол жеткізілгенін атап өтті.

Тоқаев Украинадағы дауды реттеу бойынша жүргізіліп жатқан келіссөздердегі прогрессті қолдап, саяси-дипломатиялық күш-жігердің маңыздылығын баса айтты. Сондай-ақ ол Ресей президентінің резиденциясына жасалған шабуыл әрекетін айыптады. Әңгіме соңында олар бір-бірін Жаңа жылмен құттықтады.

Сонымен қатыр Ресей президенті Владимир Путин Рождество мерекесі мен Жаңа жылға орай басқа мемлекеттердің президенттеріне құттықтау хаттар жолдады. Олардың қатарында Қазақстанның мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Нұрсұлтан Назарбаев бар.

Владимир Путин ТМД елдерінің басшыларына құттықтау хаттар жолдады. Атап айтқанда, Ильхам Алиев (Әзербайжан), Ваагн Хачатурян және Никол Пашинян (Армения), Александр Лукашенко (Беларусь), Садыр Жапаров (Қырғызстан), Эмомали Рахмон (Тәжікстан), Сердар Бердымұхамедов және Гурбангулы Бердымұхамедов (Түрікменстан), Шавкат Мирзиеев (Өзбекстан) және басқалары.

Сондай-ақ Путин Бразилия, Венгрия, Венесуэла, Вьетнам, Үндістан, Индонезия, Қытай, Солтүстік Корея, Куба, Лаос, Моңғолия, Мьянма, Никарагуа, Сербия, Словакия, АҚШ, Түркия, Эфиопия, Оңтүстік Африка Республикасы және басқа елдердің басшыларын да келе жатқан мерекемен құттықтады.

Еске салсақ, бұдан бірнеше күн бұрын Назарбаев Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путинмен кездескен еді. Осы кездесуден кейін мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи ұлттық қауіпсіздікті қорғау мақсатында мемлекеттік құпияларды білетін бұрынғы жоғары лауазымды тұлғалардың шетелге шығуын заңнамалық тұрғыда реттеуді ұсынды.

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 30 Желтоқсан, 2025 16:57