Путин мен Трамптың арнайы елшісі төрт сағаттық келіссөз жүргізді
Ресей Президенті Владимир Путин Санкт-Петербургте АҚШ Президентінің арнайы өкілі Стив Уиткоффпен төрт сағаттық келіссөз жүргізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: BBC
Келіссөз алдында Трамптың арнайы елшісі Петербургті аралап шықты.
“Ресей мемлекетінің басшысы АҚШ президентінің арнайы елшісі Стивен Уиткоффпен кездесу өткізді. Кездесу тақырыбы — Украинадағы жағдайды реттеудің түрлі аспектілері”, – деп мәлімдеді Кремль.
Келіссөз Мәске уақытымен 17:40-та басталып, төрт сағаттан астам уақытқа созылды.
Бұл – АҚШ президенті Дональд Трамптың арнайы елшісі мен Ресей басшысының үшінші келіссөзі. Бұған дейін Уиткофф ақпан және наурыз айларында Мәскеуге келген еді.
Ақүй Стив Уиткоффтың Ресейге сапарын Украинадағы атысты тоқтатуға және түптеп келгенде бейбіт келісімге қол жеткізу жолындағы тағы бір қадам деп түсіндірді.
“Мен Уиткоффтың Ресейде Кремльмен және Владимир Путинмен тікелей байланыс орнату үшін кеткенін растай аламын. Бұл Ресей мен Украина арасындағы атысты тоқтату және түпкілікті бейбіт келісімге қол жеткізу бағытында келіссөздер барысындағы тағы бір қадам”, – деді Ақүйдің баспасөз хатшысы Каролин Левитт.
Бұған дейін Трамп әлемде Путинді өзінен басқа ешкім тоқтата алмайтынын айтқан еді.