Ақтау маңындағы ұшақ апаты: Путин Грозный әуежайының басшысын марапаттады
Путин Ақтауда апатқа ұшыраған Azerbaijan Airlines ұшағы қона алмаған Грозный әуежайының басшысын марапаттады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Коллаж Stan.kz
Жуырда Ресей президентінің Грозный қаласы әуежайының басқарушы компаниясы – "Вайнахавиа" АҚ-ның басшысы Альви Шахгириев II дәрежелі "Отан алдындағы еңбегі үшін" орденінің медалімен марапаттау туралы жарлығы жарияланды.
Шахгириев Ақтау маңында апатқа ұшыраған Azal әуе компаниясының ұшағына байланысты бірнеше рет пікір білдіріп, азаматтық рейске ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылы жасалғанын жоққа шығарған еді.
Шахгириев бірнеше рет журналистерге берген сұхбатында ұшақтың бағытын өзгертуіне дрондардың шабуылы емес, қолайсыз ауа райына себеп болғанын атап өткен болатын. Оның айтуынша, экипаж Грозный әуежайына үш рет қонуға тырысқан, бірақ қалың тұманның кесірінен қона алмаған.
Айта кетейік, 2024 жылдың 25 желтоқсанында Әзірбайжан әуе жолдары компаниясына тиесілі Embraer E190AR ұшағы Ақтау қаласындағы әуежай маңында апатқа ұшыраған еді. Бортта 67 адам болған. Оның 38-і қаза тауып, 29 адам аман қалды. Euronews, Reuters сияқты әлемдік басылымдарда Ақтаудағы ұшақ апатына ресейлік зымыран себеп болғаны туралы ақпарат жарияланды. Ақпаратты Әзірбайжан үкіметіндегі дереккөздер растаған.
28 желтоқсанда Владимир Путин Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиевке телефон соғып, Әзірбайжан әуе жолдарының жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауына байланысты кешірім сұрады.
Еске салсақ, бұған дейін ресейлік компания Ақтау маңындағы Embraer AZAL апаты үшін өтемақы төлегені туралы жазған едік.
Бұдан бөлек Ақтауда апатқа ұшыраған ұшқыштар мен диспетчерлердің соңғы диалогы пайда болғанын жаздық. Аудиода Грозныйға қонбау, Махачкалаға ұшпау, одан кейін Бакуге қайтып оралу, соның нәтижесінде Ақтауға ұшу туралы барлық шешімді Әзірбайжан әуе жолдарының экипажы дербес қабылдағаны естіледі.