Путин 1990-жылдары-ақ Украина шығысы мен Қазақстанның солтүстігін Ресейдің бір бөлігі деп атаған – Құжат Германия мұрағатынан табылды
Фото: REUTERS/ITAR-TASS/PRESIDENTIAL PRESS SERVICE
Германияның сыртқы істер министрлігі жария еткен құжатта 1994 жылы-ақ Владимир Путин Украина шығысы мен Қазақстанның солтүстігін "әрдайым Ресей мемлекетінің бір бөлігі болған" деп мәлімдегеніні айтылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Meduza порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Құжатта Путиннің ресейлік территория туралы көзқарасы КСРО құлағаннан кейінгі алғашқы жылдары-ақ кең ауқымда қалыптасқаны көрсетілген. Бұл Путин әйгілі "Ресей шекарасы еш жерде аяқталмайды" деген сөзін айтып, Украина территориясының бестен бір бөлігін басып алудан көп бұрын болған.
1994 жылғы 14 қаңтарда Санкт-Петербургте Германияның бас консулымен кездесуде Путин Қырым, Украина шығысы мен Қазақстанның солтүстігіне қатысты пікірін білдірген. Ол "Қырым, Украина шығысы және Қазақстанның солтүстігі – кем дегенде осы аумақтар Ресей үшін ешқашан шетел болған емес. Олар әрдайым ресейлік мемлекеттің құрамында болған. Енді бұл жерлердің шетел екенін бірде-бір орысқа түсіндіру мүмкін емес" деген.
Путин бұл немістерге түсініксіз болуы мүмкін "ұлттық сезім" екенін де атап өткен. Консулдың жазбасына қарағанда, бұл Путиннің осы тақырыптағы алғашқы мәлімдемесі емес. Егер Украина мен Қазақстандағы орыстардың әлеуметтік және экономикалық жағдайы жақсы болса, мәселе жоқ деген еді Путин. Сол кезде бұл жағдай көңіл көншітпейтінін және осы себепті халықтың Жириновский сынды популистерге бет бұрып жатқанын айтқан. Сонымен қатар ол Батыс елдері Ресейдің әрекетін "империализм" деп емес, "ресейлік мүддені әділ қорғау" деп қабылдауы қажет деген пікірін білдірген.
1991-1995 жылдары Германияның Санкт-Петербургтегі бас консулы болған дипломат Эберхард фон Путткамердің бұл жазбасы Германия Сыртқы істер министрлігінің 1994 жылғы құжаттарын қамтитын "Федеративтік Германия республикасы сыртқы саясаты жөніндегі досье" атты жинақтың жаңа томында жарияланды. Жинақпен "Der Spiegel" журналы танысқан.
1994 жылы Путин Санкт-Петербург мэрінің орынбасары әрі қаланың сыртқы байланыстар жөніндегі комитетінің басшысы қызметін атқарған. Оның сол кездегі басшысы Анатолий Собчак кейін өзі "ұстазым әрі досым" деп атайтын саясаткер 1992 жылы КСРО тараған соң одақтас республикалар кеңестікке дейінгі шекараларына оралуы керек деп мәлімдеген. Ол Қырымның Украина құрамында қалуын "абсурд" деп атап, Украина өз армиясын құрмауы қажет, әйтпесе оны міндетті түрде қолданатынын айтқан.
Путин 2021 жылғы "Орыстар мен украиндардың тарихи бірлігі туралы" мақаласында да Собчактың ұстанымына сілтеме жасаған. Ол сондай-ақ "Қырым – әрдайым біздікі болған", "Қазіргі Украина большевиктік Ресейдің, яғни Лениннің туындысы" деп те айтқан.
Ал Қазақстан жайлы Путин 2014 жылы "Қазақстанда ешқашан мемлекет болмаған территорияда Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет құрды. Бұл ерекше нәрсе. Қазақтарда мемлекеттік құрылым болмаған" деген.
2020 жылы Мемлекеттік Дума депутаты Вячеслав Никоновтың "Қазақстан территориясы Ресей мен Кеңес Одағының үлкен сыйлығы" деген сөзіне байланысты Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақтарға бұл кең-байтақ жерді ешкім сыйлаған жоқ" деп жауап берген еді.
Еске салайық, бұған дейін желіде 7-сынып оқулығындағы дүниежүзі картасы қызу талқыға түсті. Картада Қазақстанның аумағы "Ресей-Еуразиялық аймаққа" енгізілгені туралы пікір көпшіліктің наразылығын туғызды. Бұл оқулық 2017 жылдан бері қолданылып келе жатыр. Сарапшылар бұл атау КСРО ыдырағаннан кейінгі елдердің географиялық орнын көрсету үшін қолданылғанын айтып отыр. Оқу-ағарту министрлігі кітаптың мазмұнына өзгерістер енгізіліп жатқанын, ал 2025-2026 оқу жылында қайта басып шығарылатынын хабарлады.

Үлескерлерге қатысты заң өзгереді, Трамптың 25%-дық баж салығы күшіне енеді: Қазақстанда 1 тамыздан бастап не өзгереді
