ПСЖ-нің Чемпиондар лигасындағы жеңісінен кейін Парижде жаппай тәртіпсіздік орын алды
Фото: Reuters
"Пари Сен-Жермен" командасы Чемпиондар лигасының финалында "Интерді" 5:0 есебімен жеңіп шыққаннан кейін Парижде жаппай тәртіпсіздік басталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алғашында бейбіт басталған мерекелік іс-шаралар кейіннен бүлікке ұласты.
Фото: Getty Images
Елисей алаңына 110 мыңнан астам жанкүйер жиналды. Бірақ көп ұзамай полициямен қақтығыс басталып, көзден жас ағызатын газ бен резеңке оқтар қолданылды. Екі адам қаза тауып, 200-ден астамы жараланды, шамамен 600 адам тұтқындалды. Бұзақылар көліктерді өртеп, дүкендерді тонап, қаланың инфрақұрылымын қиратты.
Париж билігі мен құқық қорғау органдары бұл жағдайды қатаң айыптап, бүлікті нағыз жанкүйерлер емес, арандатушылар ұйымдастырғанын айтты. Франция президенті Эммануэль Макрон бұл тәртіпсіздікке кінәлілердің бәрі жауапқа тартылатынын мәлімдеді.
Оқиғаларға қарамастан, қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, мерекелік шаралар жалғасын тапты. Команда қала бойынша жеңіс шеруін өткізіп, "Парк де Пренс" стадионында мыңдаған жанкүйерлер алдында салтанатты қабылдауға қатысты. Сонымен қатар футболшыларды Елисей сарайында Президент Макрон өзі қабылдады.

Биыл қай салаға қанша грант бөлінді: Қазақстанда сұранысқа ие мамандықтар аталды
