Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Психиолог кеңесі: Күйеуің адал болу үшін не істеу керек

Еркектердің бәрі де сатқын сияқты. Еркектің көзге шөп салуы әдеттегі жағдай секілді. Бірақ сарапшылар сөзіне сенер болсақ, еркектің бәрі бірдей емес. Еркекті өзгеге көз салуға жеткізбеуге де болады екен.

x_6babcb91

«Опасыздық қалқаны» атты тренинг авторы әрі психолог Анна Иотко әйел төрт аптаның ішінде күйеуі ешқашан көзіне шөп салмайтындай өзгере алады дейді. 

Дәмді асқа бола кетпейді

«Мен бұл мәселені нысанға алғалы он жылдан астам уақыт өтті. Мен бірнеше шетелдік машықтану сабақтарына қатыстым. Оның ішінде эндокриндік емханаларда да болдым. Еркектің басқаға көз салуы гормоналды мәселе екенін нақты айта аламын. Ер адам басқамен төсек қатынасына түскен кезде оның әйелінің эндорфині өте төмен болғанын анықтау қиын емес».

Өзіңді өзге әйелмен салыстыру бекершілік. Күйеудің көңілі үнемі жас қызға ауа бермес. Ол опасыздың қатарласы да болуы әбден мүмкін.
Сондықтан өзіңізді «жаман ана немесе салақ әйелмін» деп сөкпеңіз.
«Крахмалданған жайма мен дәмді асқа бола кетпейді, – деген сенімде Анна Иотко. – Еркектер ыстық құшаққа, тәтті қылыққа, аялы алақанға кетеді. Және бұл тек гормоналды деңгейде болады. Еркектің тестостероны әйелдің эндорфинінен қуат алады. Әйелде эндорфин неғұрлым көп болса, ерлердің көзіне ол соғұрлым тартымды көрінеді. Тартымдылық деген силикон ерін мен баттасқан бет деп ойламаңыз. Тестостеронды мүлде басқа нәрсе толқытады. Оның басты көрсеткіштері эндорфин мен окситоцин».
Кез келген ғашықтар хикаясын алып қарасаңыз, олардың қарым-қатынасы алдымен гормоналды қызығушылықтан бастау алып, сосын бір-біріне бауыр басады. «Құтырып, құтырып қайтады» деген сөздің де жаны бар. Гормоналды толқу басылған соң еркектер кейде қайтып оралады. Мұндай кезде не істеу керек? Ол мүлде бөлек тақырып.

Күйгелектенбеңіз

«Эндорфин – қуаныш гормоны, ағзаға тез жиналады. Бірақ басқа көңіл-күйге тәуелді, тез бүлінеді, — дейді кеңесшілерді бірі. — Мысалы, қорқыныш оны жойып жібереді. Эндорфин мұндай кезде жинақыланып, жиырылып қалады. Әйел оны керек кезінде қайта шығара алады. Мысалы, бағзы заманда апан аузына арыстан келген кезде осындай гормоналды өзгерістер болған. Дегенмен, нәзікжандылар қазіргі таңда арыстандар көшеде жүрмейтінін ұмытып кетіп жүр. Күйзеліске салынбаңыздар. Өз эндорфиніңізді бақылауда ұстап үйренетін мүмкіндіктер мол».

Реинкарнацияға төрт апта

«Мен клиенттеріме өз эндорфинін қалай күшейтуге болатынын түсіндірем, –дейді Анна Иотко. – Мұны дәрісіз жасауға әбден болады. Ол үшін өмір салтын өзгертіп, ойлау жүйені ретке келтіру қажет. Өзіңізге көбірек уақыт бөлемін деп уәде беріңіз. Бір айдан кейін күйеуіңіз сізге басқа көзбен қарай бастайды».
Кеңесшінің айтуынша, гормоналды деңгейді оңалтуға 21 күннен 40 күнге дейін уақыт керек. Осы мерзім ішінде қажетті дағдылар қалыптасып, таязданған гормон қоры толысады.
Эндорфиннің көп бөлінуін ынталандыратын амалдар бір қарағанға түсініксіздеу. Бірақ кеңесші осыдан тиімдісі жоқ дейді.

Ал, көрейік:
• Өзіңізге күніне кем дегенде бір қуаныш сыйлаңыз. Өйткені, эндорфин – қуаныш гормоны. Ол, тіпті, тәттіден де бөлінеді. «Бірақ бұл күнделікті тәтті тағам жеу керек деген сөз емес, – дейді Анна Иотко. – Ол кез келген нәрсе болуы мүмкін. Ол сіздің жеке басыңызға лайықты, әрі қызға жарасатын қылық болғаны абзал. Мысалы, саябақтағы серуен, массаж, көбігі көп ванна, инерефлекстерапия, жақсы маникюр, құрбымен қыдыру, жарты сағат тыныштық. Қандай ұсақ-түйек болса да сізге қуаныш сыйласа болғаны. Әйел қауымы өздеріне жағатын дүниелерді жасауды ұмытып барады. Біз құрбан болуға дайын тұрамыз. Бұл тегімізде жазылса керек. Бірақ өзін құрбандыққа шала беретін әйел ешкімнің тестостеронына әсер ете алмайды».

• Сұлу болыңыз. «Әйел таңертең тұрғанда өзін айнадан қалай көрсе, күні бойы сол сезімде жүреді, – деген сенімде кеңесшілер». Өзіңізге бөлетін уақытым жоқ деп сылтауратпаңыз. Миыңыздың бір бөлігіне айналаңызда ерте тұрып, боянуға, әдеміленуге күш-қайраты мен уақыты мол қыздар бар екенін жазып қойыңыз. Олар айнаға қараған сайын өзінен ләззат алатынын біліп жүріңіз. Яғни, олардың эндорфині лайықты деңгейде.

• Күліп жүріңіз! «Күлбикеден ханшайымға айналудың арасы –тек күлкі ғана, – дегенге Анна Иотко қатты сенімді. – Өзіңізді шын күлуге үйретіңіз. Шынайы әрі ақ жарқын күлкі. Тым болмағанда, оңаша қалғанда өзіңізбен-өзіңіз күліп дағдыланыңыз. Күлкі сіздің қалыпты күйіңіз болуға тиісті». Кейбір тренингтерде метроға түсіп, танымайтын бөгде адамдарға қарап күлу тәсілі қолданылады. Онша тиімді амал емес. Ол өзіңнен аттап, зорлықпен күлуге мәжбүрлейді.«Одан да телефоныңызға сағат сайын таймер қойып, ол шырылдағанда айнаға барып өзіңіздің бейнеңізге қарап күліңіз. Бұл амалдың әсері бірден көрінеді. Күлкі эндорфинді көтереді. Уақыт өте келе күліп жүруге төселіп кетесіз, – дейді кеңесшілер».

• Босаңсуды үйрену. «Үлкен қалада өмір сүретін кейбір әйел заты мен бойжеткендер көзі жұмулы тұрған құлтемірлерді елестетеді. Ал, еркек жылу мен күлкіге құмар келетінін тағы бір ескертейін, – дейді Анна Иотко». Қалалық әйелдің уақыты тым тығыз, ол содан да тән жылуын сыйлауды білмейді. Денені аптасына бір-екі рет жаттықтырып тұрған абзал. Бұл йога, массаж, инетерапия, тіпті пилатес болса да жаман емес. Не болатыны маңызды емес. Маңыздысы, тәніңіз жұмсаруды, босаңсуды үйренуі керек. Барлық үрей, күйзелісті босатуға дағдылануы тиіс. Егер сүйіктіңіздің көзқарасын бақсаңыз, оның босаңсыған әйелге басқаша қарайтынын көресіз. Көзін тарс жұмып, ештеңеге әсер етпейтін құлтемірге оның көзқарасы бөлек.

• Өкпе жинамаңыз. Өкпеден тез арылу керек. Мейлі ол ата-анаға деген реніш болсын, әріптестер мен құрбылар, көліктегі можантопайларға деген реніш болса да, тез ұмытыңыз. Ең бастысы, күйеуге ренжімеуді үйрену керек. «Оған деген барлық ренішті үтір арқылы тізіп жазып шығыңыз. Өзіңізге аяныш білдірмеңіз. Ренішім орынды еді деп өкінбеңіз. Кешіру мәселенің қаншалықты екендігін түбегейлі көрсетіп береді,– дейді Анна Иотко. – 35631 санын 37 санына ойша бөліңізші. Қиындау. Бірақ, мүмкін ғой. Ал қағазға жазып бөлу ең оңайы. Реніш те солай. Ойша бәрі қиын сияқтанады. Жазсаң, түкке тұрғысыз болып қалады. Реніш жазылған қағазды өртей салыңыз. Ол арналған адамның қолына түспеуі керек. Осындай 5-7 хат жазған соң іштегі өкпенің тарай бастағанын сезесіз. Жаныңыз тыныштала бастайды».

Шынар Әбілдә

Тағы да оқыңыз:

Ғалымдар неліктен әйелдердің күйеуіне опасыздық жасайтынын анықтады

Ер адам көзіне шөп салған әйелінің басын шауып тастады (фото)

 

Талқылау