"Психологиялық көмек қажет": Ләйлә Сұлтанқызы Ақтау маңында құлаған ұшаққа қатысты пікір білдірді
Бакуден Грозныйға ұшып шыққан Embraer 190 ұшағы Ақтау маңына құлады. Осы орайда журналист Ләйлә Сұлтанқызы қайғылы оқиғаға қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: https://vk.com/photos
Айта кетейік, апатқа ұшыраған ұшақтың видеосы желіде тараған еді.
“Біреу үйіне жаңа жылды қарсы алуға бара жатты. Біреуді жұмысына анасы шығарып салды. Біреу саяхаттап шыққан шығар?! Біреу ғашығына асықса ше?!
Біреуді достары күткен болар… Біреу ата-анасына, бала-шағасына, жарына жете алмай қалды-ау?! Ажал айтып келмейді" дейміз ғой, бірақ жақынын жоғалтқан адамды ештеңе қазір жұбатпайды. Өте үлкен психологиялық көмек қажет.
67 тағдыр… Қазір құтқарушылар, дәрігерлер қолдан келгенше көмек беріп жатыр. Президент тапсырмасымен арнайы комиссия құрылды. Оны Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқарады. Президент Астанадан Ақтауға дәрігерлерді жіберіп, зардап шеккендерге барлық қажетті көмекті көрсетуге тапсырма берді”, – деп жазды журналист.
Еске салсақ, Ақтау маңында ұшақтың құлағаны туралы хабарлаған едік. Ұшақта 62 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Апаттың алдын ала себебі оның құстарға соғылуынан екені айтылды.