Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Прокурор "Хутор" бандасының басшысы делінген Хасан Қасымбаевты 15 жылға соттауды сұрады

Видеодан скрин

28 қазан күні Талғар аудандық сотында “Хутор” бандасының жетекшісі делінген Хасан Қасымбаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша тараптардың жарыссөзі басталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Хасан Қасымбаевқа үш бап, адам ұрлау, қасақана ауыр дене жарақатын салу және қорқытып алу баптары бойынша айып тағылған. Айыпталушылар Қасымбаевпен қатар тағы бес адам бар. Ал іс бойынша жәбірленушілер екеу: аралас жекпе-жек шебері әрі жаттықтырушы Арман Әлімов пен кәсіпкер Әріпжан Тажиев.

28 қазан күні сотта өткен жарыссөзде прокурор Ерлан Құланбаев Қасымбаевқа 15 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Ал айыпталушының адвокаты айыптау хаттамасымен келіспейтіндерін мәлімдеді.

“Біз айыптаумен мүлде келіспейміз. Біз қорғауымыздағы азаматты ақтауды талап етеміз, себебі екі эпизод бойынша да жәбірленушінің өз түсініктемелерінен басқа ешқандай дәлел жоқ”, – дейді Қасымбаевтың адвокат Гүлмира Бабажанова. 

“Шерзаттың өлімінен кейін сотталушыларды Хасанға жала жабуға көндірген”: Сотта Хасан Қасымбаевтың адвокаты прокуратура мен ҰҚК-ні айыптады

"Хутор бандасының" басшысы делінген Хасанның соты: Жәбірленуші оны қалай ұрлап, ұрып-соққанын айтты


Адвокат сотта тергеушілердің Хасан Қасымбаевтың есімін Шерзат Полаттың өліміне қатысты іспен негізсіз байланыстыруға тырысқанын мәлімдеді. Гүлмира Бабажанованың айтуынша, тергеуде бұл нұсқа расталмаған, ал қазіргі іс “болжамдар мен қауесетке” негізделген.

“Қорғау тарабының пікірінше, айыпталушылар қатарында қате тергеу мен жалған айғақтардың құрбаны болған адам отыр. Нақты кінәлілер өз жазасын алған, ал айыпталушылар құрамын “толықтыру” әрекеті әділеттілікке қайшы. Хасан Қасымбаев өз абыройы мен ар-намысын қалпына келтіруге лайық”, – деді Бабажанова.

Айта кетейік, “Хутор” бандасының басшысы делінген Хасан Қасымбаев 2024 жылдың 2 қарашасында, талғарлық жасөспірім Шерзат Полаттың өлімінен бір айдан кейін ұсталған еді.

Еске салсақ, бұған дейін Алматы облысында Хасан Қасымбаевтың ісіне қатысты сот отырысы басталғаны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 28 Қазан, 2025 22:54
Талқылау