Бұған дейін Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров руға бөліп-жаруды насихаттайтын контенттің көбеюін сынға алып, мұндай үрдіс ұлттық бірлікке қауіп төндіретінін мәлімдеген еді.
Премьер-министрдің атына жолдаған депутаттық сауалында ол ру атауларының маркетингтік брендке айналып бара жатқанын, олардың футболкалар мен шапандарға басылып жүргенін атап өтті. Сондай-ақ, бұл “қауіпті тенденцияның” кино саласына да жеткенін айтты.
Бұған себеп ретінде "Руың кім?" комедиясы аталды. Саировтың айтуынша, фильмде “ру” тақырыбы руларды салыстыру және кемсіту құралы ретінде қолданылған, ал фильмнің жарнамасында Қазақстан картасы жүздерге бөлінген күйде көрсетілген. Депутат мұндай контенттің әсіресе жастар үшін аса қауіпті екенін ерекше атап өтті.
Ерлан Саиров Мәдениет және ақпарат министрлігі жанынан отандық фильмдерге алдын ала идеологиялық сараптама жүргізетін тұрақты комиссия құруды ұсынып, сондай-ақ “Біз қазақпыз” ұраны аясында халықтың бірлігін дәріптейтін контенттің санын арттыруға шақырды.
Депутаттың сынынан кейін прокаттан алынған "Руың кім?" фильмін түсірген киностудия жұмысын тоқтатты

Жақында прокаттан алып тасталған “Руың кім?” фильмін түсірген Tiger Films компаниясы киноөндіріс бағытын тоқтататынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жағымсыз хабарды продюсер Алмат Шадмат компанияның әлеуметтік желідегі ресми парақшасында айтты. Оның сөзінше, шешім қазіргі жағдайды жан-жақты сараптаудың нәтижесінде қабылданған. Бүгінде киноиндустрия тұрақсыз әрі қаржылық қаупі бар сала.
“Бұдан былай “Tiger films” кино түсіру жұмыстарын толық тоқтатады. Бұл шешім бір күнде қабылданған жоқ, жағдайды жан-жақты сараптаудың нәтижесі. Қазіргі киноиндустрия тұрақсыз және болжап болмайтын, үлкен қаржылық қаупі бар сала екенін тәжірибе екенін көрдік. Қалыптасқан жағдайда киноөндірісті жалғастыруды экономикалық және стратегиялық тұрғыдан тиімсіз деп санаймыз. Бүгінде бірқатар картиналар постпродакшн кезеңінде, оларды аяқтаймыз. Алайда келесі кезеңде киноөндіріс бағыты толығымен жабылады”, – деді ол.
Сондай-ақ продюсер бұл шешімге әсер еткен негізді факторларды атады.
“Бұл шешімге әсер еткен негізді факторлардың бірі біздің фильмнің “Оскар” лауреатына жіберілмеуі үшін туған жанжал. Сонымен қатар жекелеген депутаттардың мәлімдемелері кесірінен “Tiger films” брендінің имиджіне айтарлықтай зиян тиді. Бұл жағдай осындай шешімді қабылдауға түрткі болды”, – деді ол.
Алмат Шадмат компанияның қызметі ашық түрде айыпталса, ал кәсіби еңбекке күмән келтірілсе, бұл бағытта жұмыс істеудің мәні жоқ деп есептейді.
“Бұған қоса бізге кедергісіз жұмыс істеуге мүмкіндік беріледі деген сенім жоқ. Егер компанияның қызметі ашық түрде айыпталса, ал кәсіби еңбегімізге күмән келтірілсе, бұл бағытта жұмыс істеудің мәні жоқ деп есептейміз. Осыған байланысты “Tiger films” киноөндіріспен айналысудан өз еркімен бас тартады”, – деді ол.
Депутаттың сыны
Министрлік не дейді?
Мәдениет және ақпарат министрлігінде Tiger Films компаниясы киноөндірісін уақытша тоқтатқанын айтып, бұл шешім тек Мәжіліс депутаты Ерлан Саировтың мәлімдемесіне ғана байланысты емес екенін жеткізді.
Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетовтың айтуынша, депутаттардың белгілі бір мәселелер бойынша өз ұстанымын айтуға құқығы бар. Ал компанияның “қызметін уақытша тоқтату” туралы шешімі тек депутаттың сөздеріне ғана тірелмейді.
“Tiger Films өздерінің жабылып жатқанын айтқан жоқ. Tiger Films продакшн қызметін уақытша тоқтатып жатқанын мәлімдеді, яғни әзірге жабылу туралы әңгіме жоқ. Депутаттардың пікірін, заң шығарушы билікті талқылай алмаймыз, олардың қандай да бір мәселе бойынша көзқарасын айтуға құқығы бар. Бірақ мен Tiger Films-тің қызметін уақытша тоқтатуын Саиров депутаттың мәлімдемелерімен ғана тікелей байланыстырмас едім”, – деді Евгений Кочетов BES.media тілшісіне.
Оқиғаның мән-жайы
Айта кетейік, бұған дейін 10 желтоқсанда қалың көрерменге жол тартқан “Руың кім?” фильмі 18 желтоқсаннан кейін прокаттан алып тасталғаны хабарланған еді.
“Құрметті көрермен! “Руың кім?” фильмі 18 желтоқсаннан бастап белгілі бір себептерге байланысты еліміздің барлық кинотеатрында көрсетілуін тоқтатады. Бізбен бірге болып, қолдау көрсеткендеріңіз үшін мың алғыс!” – делінген жазбада.
Ал актер әрі фильмде басты рөлдердің бірін сомдаған Қайрат Әділгерейдің айтуынша, картина рулық араздықты тудыруы мүмкін деген қауіп бар.
“Біреулердің ойы бойынша, фильм рулық араздықты тудыруы мүмкін екен. Негізі шын мәнінде, фильм қазақты руға бөлінбей, ынтымақ, береке мен бірлікке шақырады. Кейбіреулер трейлерге қарап, мәнін түсінбей жатыр, бірақ барып толық көрген адамның пікірі мүлде басқаша қалыптасып жатыр. Сондықтан фильмді басынан аяғына дейін көрмейінше оның мәні мен не жеткізгісі келгенін түсінбейді”, – деді ол.
"Кәнсіл": Қазақстандықтар 2025-тің жыл сөзін таңдады