Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Президенттің көлік-логистика саласына сыны: Қазақстанда автожолдар қалай жөнделіп жатыр?

Қазақстан жолдары қалай жөнделіп жатыр

Фото: ҚазАвтожол

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда көлік-логистика саласындағы түйткілдерге назар аударып, шекара бекеттерінің жағдайы, инфрақұрылым жобаларының кешігуі, транзиттік тасымал, авиахабтар мен теміржол саласындағы мәселелерді айтып, көлік министрі Марат Қарабаевқа сөгіс жариялады. Көп ұзамай, министр орнын босатып, орнына ҚТЖ-ның бұрынғы басшысы Нұрлан Сауранбаев келді. Тоқаев жаңа басшыға ие болған министрлікке саладағы кедергілерді анықтап, нақты реформа жүргізуді тапсырды.

Осы орайда, Stan.kz редакциясы көлік-логистика жүйесінің бір бөлігі – автожол инфрақұрылымы бойынша нақты қандай істер қолға алынғанын, оның ішінде Алматы облысындағы республикалық маңызы бар жолдардың жағдайы туралы "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының ресми өкілі Сәкен Ділдахметпен сұхбаттасты.

8 өңірдегі туристер көп баратын жерлерге апаратын жол жөнделіп жатыр

"ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының ресми өкілі Сәкен Ділдахметтің айтуынша, президенттің тапсырмасына сәйкес, олар Қазақстан бойынша республикалық маңызы жолдарды - 9300 шақырымды жолды күрделі және орташа деңгейде жөндеп, қайта жаңартады. Мәселен, елдің 8 өңіріндегі туристер көп баратын жерлерге апаратын жолдар жөнделіп жатыр. Бұл - шамамен 2000 шақырым жол.

“Ақмола облысында елордадан 35 шақырым жерде орналасқан "АЛЖИР" мемориалды кешеніне баратын Р-2 "Астана – Қорғалжын" автожолының 19-58 шақырым аралығы жөнделіп жатыр. Бұл бағыттағы соңғы жұмыстар 2017 жылы жүргізілген болатын. Батыс Қазақстан облысында тарихи-мәдени мұрасы бар Хан Ордасы ауылына апаратын жол толықтай жөнделіп жатыр. Қарағанды облысында Қарқаралы бағытына апаратын тасжолдың 98 шақырымы жаңартылып жатыр. Шығыс Қазақстан облысында Катон-Қарағай мен әйгілі "Рахман қайнары" шипажайына жетуге мүмкіндік беретін автожолдарда да жөндеу жұмысы басталған. Павлодар облысында "Баянауыл" демалыс аймағына апаратын бағыттарда орташа және күрделі жөндеу жұмысы қатар жүргізіліп жатыр. Ал Түркістан облысында Сауран қалашығына апаратын автожолдың ұзақ учаскесі жаңартылып жатыр”, – дейді Ділдахмет. 

Сонымен қатар ол Алматы облысында туристер жиі баратын Көлсай мен Қайыңды көлдеріне, Алакөлге жетуге мүмкіндік беретін жолдар да назардан тыс қалмағанын айтты. 

“Көлсай мен Қайыңды көлдеріне жетуге мүмкіндік беретін Р-16 және А-6 бағыттарында орташа жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Жетісу өңірінде Алакөл көліне апаратын жолдың негізгі бөлігі жаңартылып, соңғы учаскелерінде жұмыс аяқталуға жақын. Сонымен қатар "Әнші құм" табиғи нысанына апаратын жолдың бірнеше бөлігінде де жөнделіп жатыр. Бұл  инфрақұрылым шаралар ішкі туризмнің дамуына серпін беріп, өңірлердегі туризмді дамытуға, жолдағы қауіпсіздікті күшейтуге және көлік қозғалысын жақсартуға бағытталған. Жаңартылған жолдар азаматтардың саяхаттау мүмкіндіктерін кеңейтіп, ел ішіндегі тарихи және табиғи нысандардың қолжетімді етеді”, – Сәкен Ділдахмет. 

“Қонаев – Күрті” автожолы жөнделіп жатыр

Алматы облысындағы маңызды жолдардың бірі — Қонаев пен Күрті арасындағы автожол. Сәкен Ділдахметтің айтуынша, қазір бұл жолдың 67 шақырымы басынан салынып жатыр. Жоба толық аяқталған соң, бұл жол заманауи, кең әрі сапалы болады. Жаңа жол I-б санатына сай салынады, яғни жүк пен жеңіл көліктер үшін қозғалыс әлдеқайда қауіпсіз әрі ыңғайлы болады. Қазір құрылыс алаңында 126 техника мен 169 адам жұмыс істеп жатыр.

“Жолдың астыңғы және үстіңгі қабаттары төселіп жатыр. Кейін абаттандырылады. Мұнда екі асфальт зауыты мен төрт құрылыс бригадасы іске қосылған”, – дейді компания өкілі.

Сонымер қатар осы жол бойына Іле өзені үстінен көпір, "Беде жапырағы" үлгісіндегі жол айрығы, Автобус аялдамалары мен демалыс алаңдары және Ақши ауылы маңында арнайы жол қызмет пункті салынады.

“Кеген-Нарынқол” автожолы 

Алматы облысында республикалық маңызы бар "Кеген – Нарынқол" автожолының 0-74 шақырым аралығында орташа деңгейдегі жөнделеді. 

“Жобаны жүзеге асыратын мердігер ұйым 2025 жылдың көктемінде өткен конкурс арқылы анықтадық. Бір ай бұрын Кеген, Нарынқол тұрғындары “жолы қашан бастайсыздар?” деп сұраған болатын. Бірақ біріншіден, біз ол кісілердің жұмысына біз араласып кете алмаймыз. Екіншіден, жауын-шашын көп болды. Мұндай ауа райы кезінде асфальтті үстіңгі жабынын алуға болмайды. Сондықтан қолайлы ауа райы күтуге тура келді. Дегенмен жұмыс басталды, ол өңірде үлкен асфальт бетон зауыты қызметін бастады”, – дейді маман. 

“Кеген-Нарынқол” автожолын жөндеуге 30-дан аса арнайы техника мен 45 жұмысшы жұмылдырылған, ұсақтау және құмдау қондырғылары іске қосылыпты. Сонымен бірге сағатына 160 тонна асфальтбетон шығаратын зауыттың монтаждау жұмыстары аяқталуға жақын.

“Асфальттің үстіңгі қабатын алып тастаймыз да, оған жаңа асфальт жабынын төсейміз. Осылай, жол сапасы жақсарады, көлік қатынасын тұрақты етеді, жол қауіпсіздігіне септігін тигізеді”, – дейді Сәкен Ділдахмет. 

Компания өкілі сонымен қатар жолдағы жарық бағандары, диодты шамдар, жол белгілері және қажет жол сызықтары тиіст орынға қойылып, жаңарып отыратынын айтты. 

Салмақты өлшейтін автоматтандырылған кешен орнатылмақ

Сәкен Ділдахметтің айтуынша, өкінішке қарай, ауыр жүк көлігін айдайтын кейбір жүргізушілер көлігіне нормадан көп жүкті тиеп алады. Ал бұл жолдың жамылғысының бұзылуына алып келеді. Оған жол қауіпсіздігіне де сай келмейді екен. Сондықтан қазір респуликалық маңызы бар жолдарға салмақты өлшейтін автоматтандырылған кешен орнатып жатырмыз. 

“Көлік жүргізушісі нормадан тыс жүкті тиеп алса, жол бойынан өткенде автомат түрде анықталып, оған айыппұл келеді. Сонымен қатар 1 маусым мен 31 тамыз аралығы Оңтүстік Қазақстанда күн қатты ыстық болады. Егер ауа райы 25 градустан жоғары болса, ауыр жүк көліктерінің жеке осіне түсетін салмақ 8 тоннадан асса, мұндай ауыр жүкті тасымалдаушыларға 10.00-22.00 аралығы жолға шығуға шектеу қойылады, яғни түнде жүре алады. Себебі күн ыстықта асфальт жабыны езіліп кетуі мүмкін. Бұл тек жол мәселесі емес, жолдағы адамдардың қауіпсіздігі екенін де ескерген жөн”, – дейді Сәкен Ділдахмет.
Наргиза Аршидин
Бейсенбі, 31 Шілде, 2025 11:00
Талқылау