Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Президент Жарлығымен Шавкат Рахмонов ІІ дәрежелі “Барыс” орденімен марапатталды

Шавкат Рахмонов

Фото: Ақорда

Бүгін Мемлекет басшысы еліміздің дамуына және қоғам өмірінің түрлі салаларында айрықша еңбек сіңірген азаматтарды марапаттады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Президенттің Жарлығымен ІІ дәрежелі "Барыс" орденімен аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмонов марапатталды. Ол Қазақстанның атын әлемге танытып, ел абыройын асқақтатып жүрген спортшы ретінде ерекше құрметке ие.

Сонымен қатар мемлекет басшысы өз сөзінде биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толғанын атап өтті. Президенттің айтуынша, Ассамблея – ел бірлігі мен қоғамдық келісімнің мызғымас нышаны әрі теңдесі жоқ бірегей институт.

    "Ассамблея мүшелері ел ішіндегі тұрақтылық пен татулықты нығайту үшін аянбай еңбек етіп келеді. Қоғамдағы келісім мен ынтымақты сақтау – нағыз отаншылдықтың көрінісі", – деді Президент.

Мемлекет басшысы сондай-ақ еліміздегі бірқатар этномәдени бірлестіктің өкілдерін "Ел бірлігі" орденімен марапаттады. Президент мәдениет пен руханият саласында еңбек етіп жүрген өнер иелеріне ерекше құрмет білдірді.

"Қазақстанның халық әртісі" атағына белгілі өнер майталмандары Болат Әбділманов, Тамара Асар және Шынар Жанысбекова лайық деп танылды. Ал мәдениет саласын дамытуға сүбелі үлес қосқаны үшін Нина Жмеренецкая, Бақыт Қажыбаев, Зарина Алтынбаева және Әйгерім Алтынбек "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" атағына ие болды. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласында көп жылғы еңбегімен ерекшеленген Иван Сауэрге де "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" атағы берілді.

    "Жоғары мемлекеттік марапаттар – халқымыздың шынайы құрметі мен ризашылығының белгісі. Бүгін еліміздің барлық өңірінде жүздеген азамат менің Жарлығыммен марапатталып отыр. Олардың барлығына зор ризашылығымды білдіремін", – деді Мемлекет басшысы

Айнұр Мұхади
Жұма, 24 Қазан, 2025 13:46
Талқылау