Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Президент Тоқаев Қатар Әмірімен кездесті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен кездесті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәниге Доха форумының конференциясына қатысуға шақырғаны үшін алғыс айтты. Сондай-ақ диалог алаңы ең өзекті жаһандық мәселелерді ашық талқылауға мүмкіндік беретінін жеткізді. 

Президент Қатар Әмірінің стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілген екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалады.

Кездесу барысында банк, телекоммуникация, энергетика, ауыл шаруашылығы және медицина салаларындағы инвестициялық жобаларға қатысты келісімдерді уақытылы әрі сапалы жүзеге асыру мәселесіне ерекше мән берілді.

Тоқаев Қатар бизнесімен бірлескен жобалар екі елдің дамуына септігін тигізетініне сенім білдірді. 

Оның айтуынша, екі ел жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Екі ел басшылары жоғары деңгейдегі белсенді саяси диалог Қазақстан-Қатар қарым-қатынасын тереңдетуге септігін тигізетінін жеткізді.

Айта кетейік, бұған дейін 6 желтоқсанда Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар мемлекетіне жұмыс сапарымен барған еді. 

Талқылау