Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Президент өкілеттігін айналып өтетін "саңылау" жабылады – Саясаттанушы Ғазиз Әбішев Конституцияға енгізілетін жаңашылдық туралы

Ғазиз ӘбішевФото: Ғазиз Әбішевтің желідегі парақшасынан

Саясаттанушы Ғазиз Әбішев желідегі парақшасында президент өкілеттігіне қатысты Конституцияға енгізілетін өзгерістерді қарапайым тілмен түсіндірді. Оның айтуынша, Конституциядағы негізгі мақсат – президенттік өкілеттіктің мерзімін айналып өтетін құқықтық "саңылауларға" жол бермеу. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Саясаттанушы 2026 жылғы 24 қаңтарда Конституциялық комиссияның отырысында Әділет министрі Сәрсембаев президент өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда міндетті кезектен тыс сайлау өткізу мәселесіне қатысты ұстанымды нақтылады.

Оның айтуынша, президенттің мерзімінен бұрын қызметтен кетуі (отставка), қызметінен кетірілуі (импичмент) немесе қайтыс болуы жағдайында Парламент жеті күннің ішінде президент сайлауын тағайындайды, ал бұл сайлау екі айдың ішінде өтуге тиіс.

"Айта кету керек, бұл норма Негізгі заңда көрсетілген конституциялық мерзімдерді мәні бойынша қорғауға да бағытталған. Конституцияның 42-бабында "Бір адам Республика Президенті болып бір реттен артық сайлана алмайды" деп көрсетілген. Яғни, бұл бапта бір адамның президент өкілеттігін бір реттен артық атқара алмайтыны айтылмайды. Онда тек бір реттен артық сайлана алмайтыны нақты жазылған", – делінген Ғазиз Әбішевтің жазбасында. 

Егер Конституцияның 48-бабындағы, президент мерзімінен бұрын кеткен жағдайда оның өкілеттігі "қалған мерзімге" мирасқорына өтеді деген норма сақталатын болса, қызық формальды жағдай туындауы мүмкін дейді саясаттанушы.

"Мысалы, белгілі бір тұлға жеті жылға президент болып сайланды делік. Президент вице-президентті ұсынады, оны парламент бекітеді. Ал бір жылдан кейін президент қандай да бір себеппен қызметінен кетеді. Вице-президент қалған алты жылды "отырып" шығады. Одан кейін тағы да жеті жылға президенттікке кандидатурасын ұсына алады. Конституция бұған тыйым салмайды, өйткені ол өмірінде алғаш рет президент сайлауына қатысып отыр емес пе?" – деді Ғазиз Әбішев.

Президент Тоқаевтың бастамасына сәйкес осы "саңылау" жабылады деп отыр Ғазиз Әбішев.

"Егер мемлекет басшысы өз өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатса, екі айдың ішінде сайлау өткізіледі. Жаңа президент өзінің жалғыз жеті жылдық мерзіміне сайланады. Осылай", – деді саясаттанушы.



Еске салайық, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев президенттік басқару жүйесінде биліктің заңды әрі ашық жолмен берілуін қамтамасыз ету үшін Конституциядағы кейбір нормаларды нақтылау қажет екенін айтты. Оның пікірінше, мемлекет басшысы мерзімінен бұрын қызметтен кеткен жағдайда өкілеттіктің "қалған мерзімге" берілуі құқықтық тұрғыда даулы жағдай туындатуы мүмкін.

Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 02 Ақпан, 2026 14:20