Президент қандай жағдайда Құрылтайды таратып жібереді – Әділет министрі түсіндірді

Қазақстан Конституциясында Құрылтай президенттің маңызды тағайындауларына екі рет келісім бермеген жағдайда Құрылтайды тарату құқығын бекіту ұсынылып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әділет министрі Ерлан Сарсембаевтың айтуынша, ұсынылатын конституциялық механизм бойынша президенттің маңызды кадрлық тағайындаулары тек Құрылтайдың келісімімен жүзеге асады.
“Президент Құрылтайдың жалпы депутат санының басым дауысымен берген келісімі бойынша Қазақстан Республикасының вице-президентін, премьер-министрін, Конституциялық соттың 10 судьясын, Орталық сайлау комиссиясының 6 мүшесін, Жоғарғы аудит палатасының 8 мүшесін тағайындайды”, – деді Әділет министрі.
Жаңа құрылымда Құрылтайды тарату негізгі элементке айналып отыр.
“Президентке Құрылтай екі рет аталған лауазымдарды тағайындауға келісім беруден бас тартқан жағдайда оны тарата алады”, – деді министр.
Сарсембаев бұл норманың жазалау мақсатында емес, алдын алу сипатында екенін атап өтті.
“Бұл құрылым алдын алу функциясын атқарады, саяси күштерді ымыраға келуге және жауапкершілікпен әрекет етуге ынталандырады. Ұсынылып отырған модель президент пен Құрылтай арасындағы балансты қалыптастырады, мемлекет басшысының бастамашылық рөлі мен депутаттар корпусында шешуші дауысты үйлестіреді. Ең маңыздысы, ұсынылып отырған тәсіл бойынша тағайындау тек Құрылтайдың келісімімен жүзеге асырылады”, — деді Ерлан Сарсембаев.
Депутат қандай жағдайда Құрылтайдағы мандатынан айырылады
Сенатор Нұрлан Бекназаров Конституциялық реформа комиссиясының екінші отырысында Құрылтай депутаттары қандай жағдайда өз өкілеттілігінен айрылуы мүмкін екенін түсіндірді.
Депутатты мандатынан айырудың негіздері:
- Қазақстаннан тыс тұрақты тұруға көшсе;
- Соттың айыптау үкімі заңды күшіне енсе;
- Қазақстан азаматтығын жоғалтса;
- Депутат сайланған саяси партиядан өз еркімен шықса немесе шығарылса;
- Конституциялық заңға сәйкес, депутат сайланған саяси партияның қызметін тоқтатса.
Сенатор сондай-ақ депутаттардың ерекше мәртебесінен айыру құқығын Орталық сайлау комиссиясының құзіретінде қалдыру ұсынылып отырғанын атап өтті.
“Депутаттарға қатысты жауапкершілік шараларын қолдану, депутаттық этика талаптарын сақтау, сондай-ақ мандаттан айыру мен депутаттық иммунитет мәселелерін қарау – РК Орталық сайлау комиссиясының құзыретінде”, – деді сенатор.
Ұсынылып отырған өзгерістер бойынша Құрылтай президенттің ұсынысы бойынша Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізеді, конституциялық заңдарды қабылдайды.
Айта кету керек, қазір аталған нормалар тек ұсынылып отыр. Қайсысы қабылданатыны, қайсысы Конституцияға енбейтіні референдум барысында анықталады.
Еске салайық, 20 қаңтар күні мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысын өткізді. Ол жаңа бір палаталы парламентке қатысты ұсыныстар мен бекітілген өзгерістерді айтты. Тоқаевтың сөзінше, жұмыс тобы барысында парламенттегі депутаттар санын 500-ге дейін көбейту ұсынылған. Бірақ соңғы шешімге сәйкес, бір палаталы парламентке 145 депутат 5 жылға сайланады. Сондай-ақ 8 комитеттен тұрады. Ал заң қабылдау процесі 3 кезеңнен тұрады.