Премьер-министр кейбір стадиондардың қаңырап бос тұрғанын айтып, спорт саласын сынға алды
Фото:Үкімет
Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов мемлекет бизнестен тек пайда емес, қоғамға пайдасын тигізетін бастамалар күтетіні туралы айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сонымен әлеуметтік және спорттық инфрақұрылымды дамыту ортақ міндетін екенін де атап өтті. Бұған қоса отырыста кейбір стадиондардың қаңырап бос түрғанын, пайдаға берілген нысандарды дұрыс пайдалану қажет екенін де жеткізді.
“Әрбір қазақстандықтың өмір салтына айналуы тиіс спорттың дамуы мемлекет басшысының үнемі назарында. Біздің міндет – халықтың спортпен қамтылу деңгейін арттырып, кәсіби спортшыларға лайықты жағдай жасау", – деді Бектенов
Премьер-министрдің айтуынша, бүгінде еліміздің әр өңірінде спорт инфрақұрылымын дамытуға жүйелі түрде көңіл бөлініп жатыр. Мақсат – әр азаматқа спортпен айналысуға қолжетімді жағдай жасау және ауылдық жерлерде де заманауи спорт нысандарын салу.
“Барлық өңірде спорт инфрақұрылымын біркелкі дамыту және тұрғылықты жерлерге жақын спорт алаңдарының желісін құру қажет. Сондай-ақ клубтар мен секцияларды дамытуды да назардан тыс қалдырмау керек", – деді премьер-министр.
Сондай-ақ Олжас Бектенов жаңа стадиондардың бой көтеруімен қатар, пайдаға берілген ғимараттарды да тиімді пайдалану мәселесіне де тоқталды
"Мәселен, Алматы облысының Талғар қаласында орналасқан "Жастар" стадионы бос тұр. Тұрғындар спорттық іс-шаралардың өтпейтініне, секциялардың жоқтығына шағымдануда. Бұл жүйелі бақылаудың әлсіздігін көрсетеді. Туризм және спорт министрлігі мен әкімдіктер нысандардың мақсатты әрі тиімді жұмысын қатаң бақылауға алуы тиіс", – деді ол.
Соңғы жылдары елімізде спорт инфрақұрылымын дамыту қарқынды түрде жүзеге асырылып келеді. Өткен жылы республика бойынша 90 жаңа спорт нысаны пайдалануға берілді, оның 61-і ауылдық елді мекендерде салынған
“Бұл – өте маңызды көрсеткіш. Биыл тағы 102 нысан пайдалануға беріледі", – деді Үкімет басшысы.
Мемлекеттік шығындарды қысқарту мақсатында Бектенов әкімдіктерге жеке инвестицияларды тарту мен үлгілік жобаларды қолдануды күшейту қажеттігін атап өтті.
“Мемлекет бизнеске қолдау көрсетіп отыр. Енді бизнестен де әлеуметтік және спорттық инфрақұрылымды дамытуда жауапты қадамдар күтеміз", – деді премьер-министр.
"Бағасы Еуропадан 10 есе төмен": Қазақстанға БАӘ, Ұлыбритания, Германиядан шетелдіктер медициналық көмек алуға келеді

