Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Дәрілерден бас тартты: Коронавирус жұқтырған қазақстандық студент аурудан қалай айыққаны туралы айтты

Польшада оқып жүріп коронавирус жұқтырған Қазақстан азаматы аурудан қалай айыққаны туралы айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Qazaqstan арнасына сілтеме жасап.

Бекнұр Жеңіс

Бекнұр Жеңіс - Польшадағы Вольск қаласына академиялық ұтқырлық оқу бағдарламасымен ауысқан студент, Қызылорда облысының тұрғыны, коронавирус жұқтырып, 10 күн стационарлық ауруханада жатқан. 

"Біздің жатақханада 7 адам коронавируспен ауырып қалды, оның ішінде екеуі - қазақстандық, оның бірі - мен. Өте жақсы емдеді. ВИЧ және малярияның дәрісін беріп емдеді. Қазір жағдайым жақсы. Мені бөлек жатақханаға алып кеткен болатын", - деді ол.

Бекнұрдың айтуынша, Польшадағы медициналық қызметкерлердің науқастармен қарым-қатынасы өте жақсы.

"Ең басында палатада жалғыз жаттым. ВИЧ және малярияның дәрісін берді, бірақ эффектісі көп болған соң өзім бас тарттым. Жүрегім айнып, өзімді ыңғайсыз сезіндім. Соның өзінде соңғы екі тест теріс шықты. Өте қуаныштымын", - деді Бекнұр Жеңіс.

Бекнұрдың сөзінше, Польшада 6500-ға жуық адам коронавирус жұқтырған, жағдай нашар. Дегенмен, ол елге аман-есен қайтуға үміттенетінін жеткізді.

Жалпы Польшада 500-ден астам студент бар, олардың басым бөлігі елге оралған. 

"Бір-бірімізмен араласып тұрамыз. Мен ауырып қалған кезде осы қаладағы қазақ балалары кейде азық-түлік алып келіп, көмектесіп, жылы сөздер айтып, солай моральды қолдау берген болатын", - дейді шетелдегі қазақ студенті.

Бекнұрдың айтуынша, коронавирус бей-жай қарайтын жағдай емес. Ол адамдардан жауапкершілікпен қарауды сұрайды.

"Бұл ешқандай да өтірік емес. Мен өз көзіммен көргем. Қасыма қарт кісілерді алып келіп, басқа палаталарға жатқызып, ауа беретін аппараттарға қосқанын көру, бұл өте жантүршігерлік жағдай. Мен қазақстандықтандан сұраймын, карантинді сақтап, өздеріңізді сақтап жүріңіздер, бұл ешқандай да ойыншық емес, ол - күрделі жағдай" - деп қорытындылады ол.

 

Талқылау