Жаңа даму кезеңі: Polpharma Santo және Қазақстандағы EU GMP
Шымкент қаласының өндірістік алаңында Polpharma Santo компаниясының жаңа бренді салтанатты түрде таныстырылды. Сонымен қатар, өндірістік үдерістердің халықаралық сапа стандарттарына сәйкестігін растайтын Еуропалық Одақтың GMP сертификаты жұртшылық назарына таныстырылды. Іс-шараға Polpharma Group компаниясының иесі және бақылау кеңесінің төрағасы Ежи Старак, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков және Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов қатысты.
Жуырда Ежи Старак ҚР президентінің жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысына қатысып, премьер-министр Олжас Бектеновпен және үкімет өкілдерімен кездесулер өткізген болатын. Кездесулер барысында Қазақстан мен Polpharma тобы арасындағы стратегиялық серіктестіктің негізгі бағыттары талқыланды. Келіссөздер барысында фармацевтикалық қауіпсіздікті ұлттық егемендіктің маңызды тірегі ретінде күшейту мәселесі көтерілді. Сонымен қатар, онкологиялық, диабеттік және жүрек-қантамыр ауруларына қарсы дәрі-дәрмектерді жергілікті деңгейде өндіруге бағытталған 60 миллион еуродан астам көлемдегі стратегиялық инвестициялық келісімді дайындау, импортқа тәуелділікті азайту және жаһандық сын-қатерлер мен жеткізу тізбегіндегі үзілістер жағдайында денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету жөнінде сөз қозғалды.
Сонымен қатар, Қазақстанды аймақтық фармацевтикалық хаб ретінде дамыту, Еуропалық Одақ, ЕАЭО және өзге де нарықтарға экспортты кеңейту, елімізді технология трансфері мен фармацевтикалық әріптестік үшін платформа ретінде ілгерілету мәселелері де назарға алынды. Бұған қоса, EU GMP сертификаттарын алу үшін халықаралық аудиттерден өту және ұлттық ғылыми-инновациялық әлеуетті дамыту бағыттары да күн тәртібінде талқыланды.
Осы мақсатта Polpharma Santo өндірісінде 20 миллион еуро инвестиция тартылған Инновация және сапа орталығы іске қосылды. Сонымен қатар, университеттерді, клиникаларды және салалық сарапшыларды тарту арқылы Қазақстанда ҒЗТКЖ (R&D) экожүйесін қалыптастыру жұмыстары басталды.
“Polpharma Santo – Қазақстандағы ең ірі дәрі-дәрмек өндірушілердің бірі. Елімізде қолданылатын дәрілердің әрбір бесінші пакеті Шымкенттегі зауытта шығарылады. Бүгін осы зауытта маңызды себеппен кездесіп отырмыз. Құны 20 миллион доллар тұратын Инновация және сапа орталығы іске қосып жатыр. Жалпы инвестиция көлемі 130 миллион АҚШ долларынан асты. Polpharma Group Орталық және Шығыс Еуропада, Кавказда және Орталық Азияда ұсынылған Польшадағы фармацевтикалық нарықтың көшбасшысы. Зауытқа бұдан да жоғары табыстар тілейміз”, - деді Шымкент қаласының әкімі Ғабит Әбдімәжитұлы.
Polpharma Group басқарма төрағасы Ежи Старак компанияның жаңа брендіне тоқталды.
"ЕО GMP сертификатын алу және Polpharma Santo брендін іске қосу компанияның ғана емес, сонымен қатар Орталық Азиядағы бүкіл фармацевтикалық индустрияның дамуының маңызды кезеңі. Жаңа бренд – біз ұстанатын ең жоғары сапа стандарттарының көрінісі. Бүгінде Қазақстанда өндірілетін дәрі-дәрмектер Еуропалық Одақтағы өнімдер сияқты талаптарға сай келеді", - деді ол.
SANTO бас директоры Адам Алексеюк Santo-ға Polpharma брендінің қосарлануын сапаның өсуімен байланыстырады.
"Бұл бренд – өндіріс сапасының айқын белгісі. Қазақстанда ЕО GMP стандартына ие зауыт тек біздің кәсіпорын ғана. Біздің компанияда барлық үдеріс, жоғары білікті мамандар, жаңа заманауи портфель және заманауи технологиялардың бәрі халықаралық стандарттарға сәйкес. Біз үшін ең бірінші орында – сапа мәселесі. Халықаралық және елдегі әріптестікті нығайту және тұтынушыларымызға жоғары сапалы дәрі-дәрмек ұсыну үшін барымызды саламыз. Бұл табыс компания үшін ғана үлкен жетістік емес, сонымен қатар отандық фармацевтика өнеркәсібі тарихындағы нағыз серпіліс. Бұл – экспорт төлқұжаты тәрізді. Бұл – адамдар. Бұл – тұтас команда. Осы орайда айтпай кетуге болмас. Коронавирус пандемиясы кезінде біздің адамдар осы жерде тәулігіне жиырма төрт сағат өмір сүрді. Өндіріс процесіне беріле тер төкті. Үй бетін көрген жоқ. Оның бәрін Отаны үшін, тіпті, Орталық Азия үшін жасады”, - дейді бас директор.
Кәсіпорын университеттерді, клиникаларды және салалық сарапшыларды тарту арқылы Қазақстанда ҒЗТКЖ (R&D) экожүйесін қалыптастыру жұмыстарын да бастап кеткен. Осыдан біраз уақыт бұрын ЖОО студенттері арасында арнайы конкурс жариялаған. Сол конкурс нәтижесінде бірнеше студентке бір жылдық грант тағайындапты. Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясының фармация мамандығында 4-курсты аяқтап жатқан Айнель Әбдімәлік пен "Жалпы тәжірибелік дәрігер" мамандығының 6-курс интерны Фатима Халикулова Polpharma Santo-ға айтар алғысы шексіз. Компания студенттердің білім көрсеткіштері мен оқу ордасындағы белсенділіктеріне қарап құны 1 миллион 200 мың теңгелік бір жылдық оқу ақысын төлеп беріпті.
Айта кетейік, Polpharma тобы 5600-ден астам қызметкерді біріктіретін және 500-ден астам дәрі-дәрмек ұсынатын 20 үздік әлемдік генерик өндірушілердің қатарына кіреді.
Polpharma Santo компаниясының портфелінде 12 терапевтік бағытты қамтитын 280-нен астам дәрілік препарат бар. Соңғы 14 жыл ішінде компания өндірістік желілерді кешенді жаңғыртудан өтті.

“Үш жерде жұмыс істесем де, отбасымды асырауға жетпеді”: Шотландияға кеткен отандасымыз Қазақстандағыдан 10 есе көп жалақы алатынын айтты
