Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Полицияның күзетке қазір алғанының пайдасы қанша": Талғарда қаза тапқан жасөспірімнің әпкесі үйдің қалай өртенгенін айтып берді (видео)

Талғарда бір топ қылмыскердің қолынан қаза тапқан 16 жастағы жасөспірімнің үйі сенбіге қараған түні түгелдей өртеніп кетті. Марқұм Шерзат Болаттың әпкесі Перизат Нурумова Stan.kz тілшісіне аталған оқиғаның мән-жайын баяндап берді. 

Фото: Stan.kz 

Перизат Нурумованың айтуынша, олар бұл үйге арасында тазалап, малдарға жем-шөп беру үшін келеді екен. 

“Бұл үйге көп келіп жатқан жоқпыз. Шерзатты қара шаңырақтан ата-әжесінің үйінен шығардық. Бұл үйге түнде күйеуім және баламмен, Қаржаубайдың екінші баласымен келгенбіз. Үйде мал бар, соларға жем-шөбін салайық деп келіп, кетіп жатқан едік. Бүгін Шерзаттың жетісі ғой. Жақын жердегі ағайын-туысты шақырып, ас берейік деп дайындалғанбыз. Сол үшін үйді жуып-тазалауға келгенбіз. Жеңгем мектепке балаларды дайындайық, кірлерін жуып деп күндіз келіп кеткен еді. Түстен кейін біз жүрдік, кешке тағы келдік. Сосын кешке өз балаларымды әке-шешемнің үйіне тастап, келгенмін. Оларға жалғыз жүрмеңдер дедім. Өйткені жан-жақта түрлі қорқытулар болып жатыр. Дегенмен оны ешкім естіп жатқан жоқ”, – дейді марқұмның әпкесі. 

Марқұмның әпкесінің сөзінше, жан-жақтан түрлі қоқан-лоқы, қорқытулар болып жатыр екен. 

“Үйдегі 5 бауыр қайда жүргенімізді, бәрін айтып отырамыз деп уәделескен едік. Ағама 10:30-дарда жұмысқа жеттім деп хабарластым. Cағат 11-лерде ағам хабарласып Нұрқанатқа системасын, уколын салдық, ұйықтап қалды деп айтты. 12:30-дарда жұмыстан шығайын деп жатсам, жеңгем хабарласып, “ағаңды көршілер шақырып кетті, қорқып отырмын, кім екенін анық қарай алмадым” деп айтты. Ағама хабарластым, телефонын ала алмадым. Артынша жеңгем хабарласып, кіші үй өртеніп жатыр екен деді. Үй осындай деңгейде өртеніп кетті деп ойламадым. Жай ғана қорқыту, үй жаққа бірдеңені өртеп, лақтырды деп ойладым”, – дейді ол.

Марқұм Шерзаттың әпкесі оқиға орнына барған кезде үйден түк қалмағанын айтты. 

“Ағама хабарласқанда басқа ер адам алды. Ағам арғы жағында “үй өртеніп жатыр, іште газ баллон бар, қазір жарылады” деп айқайлап жатыр екен. Сосын тұтқаны қойып, бірден бардым. Барсам, үйдің түгі қалмаған, өрт сөндірушілер жүр екен. Үйдегілер, мал-жан бәрі аман екен. Нақты күдігіміз – сол жақтағы адамдардың істегені деп отырмыз. Өйткені көршілеріміз үй өртенбестен бір күн бұрын “сіздің үйіңізге түннің жарымында біреу кіріп шықты. Жарығымызды жағып, сыртқа шығып айқайлаған едік, машина тоқтамай, тұра қашты” деп айтты”, – дейді әпкесі. 

Перизат Нурумова бірнеше күн бұрын митингке шыққан кезде полициядан үй жағына күзет қоюды сұраған. Оның сөзінше, бұл іс – полиция қызметкерлерінің бір жетіде тындырған тірлігінің жемісі.

“Бір күн бұрын түнгі 1:30-да үйден шығып бара жатқанымда, екінші көршіміз “көшенің бас жағында 2 мерседес машина тұр, нөмірі жоқ. Таңғы 5:00-де қайта келе жатқанда ол машина әлі тұр екен. Ішінде толған ер адамдар. Телефонымды шығарып түсірейін деген едім қорықтым” деді. Полицияның күзетке қазір алғанының пайдасы қанша? Бірінші күні митингке шыққанда “Неге күдіктілердің үйіне күзет қоясыздар? Тым құрығанда біздің ауылдың кіре беріс жеріне, кімнің кіріп шыққанын бақылау үшін күзет қойыңыздар,. Бізге қоқан-лоқы, қорқытулар болып жатыр” деп айтылған. Cол кезде қарастырып жатырмыз деген. Шалқаров мырзаға да айтылған еді. Міне сол кісілердің бір жетіде жасаған “адал еңбегінің” жемісі – осы”, – деді әпкесі. 

Перизат Нурумованың айтуынша, полиция керісінше күдіктілердің үйіне күзет қойып, қорғап отыр екен.

“Полиция керісінше күдіктілердің үйіне күзет қойып, оларды қорғаштап жүргенде бала тұрмақ үйімізден де айырылып қалдық. Қоқан-лоқы болып жатыр деп неше күннен бері айтылып жатыр. Шалқаров мырза “7 адам қамауда” дейді, болды. Ал екі қыз адвокатпен келіп-кетіп жүр. Олардың бәрін толық ұстамағанының кесірі осының бәрі. Үйге барып, анамызға айтайық десек қобалжып жүрміз. Анама бәрін түсіндіріп айттым. Қазір төсек тартып жатып қалды. Үйден түк қалмады, тек қабырғасы қалды. Көршілер дала жарық болып кетті, бірдеңе атылып жатқан соң шықтық дейді. Содан естіп, жүгіріп, үйде адам бар ма, жоқ па түсінбей қалдық, деп жатыр”, – дейді марқұмның әпкесі. 

Өрт болған аумаққа қазір ешкімді кіргізбей жатыр екен. Ал марқұм Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай есеңгіреген күйде жүр дейді. 

Талқылау