Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Полицияға хабар бермеген": Астанада қайтыс болған белгілі дәрігердің өліміне туыстары аурухананы кінәлап отыр

2025 жылдың 11 қаңтарында Астанада қайтыс болған белгілі комбустиолог-дәрігер Марат Қанжығалиннің жақындары марқұмның өлімі қайғылы жағдай емес екенін айтады. Дәрігердің әйелі әділдік пен жан-жақты тергеу жүргізуді талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Видеодан скрин / Дәрігер Марат Ғабдулұлы Қанжығалин және әйелі Гүлнар Тахметова

Марқұмның әйелі күйеуінің елімізге белгілі хирург екенін айтты. Оның айтуынша, күйеуі биыл 11 қаңтарда өмірден өткен.

"Мен Гүлнар Тахметова, көпшіліктен көмек сұраймын, әділдік іздеймін. Жұбайым, Марат Ғабдулұлы Қанжығалин – Павлодар облысына және жалпы Қазақстанға белгілі хирург еді. Биыл 11 қаңтарында оның өмірі Астана қаласындағы №2 қалалық ауруханада аяқталды. 2024 жылдың 16 желтоқсанында күйеуім инсульт белгілерімен аталған ауруханаға жеткізілді. Алайда қабылдау бөлімінің дәрігерлері қарап шыққаннан кейін оны үйіне жіберу туралы шешім қабылдайды. Бірақ ол үйіне оралмады. Реанимация бөлімінде жатқанда күйеуім ауыр бас-ми жарақатын алған. Аурухана қызметкерлері бұл оқиға туралы полицияға хабар бермеген, бұл олардың тікелей міндеті еді", – деді әйелі Гүлнар Тахметова.

Гүлнар Тахметова күйеуі ауыр жарақат алғаннан кейін 26 күн бойы комада жатқанын атап өтті. Әйелі қайғылы оқиғадан кейін ғана қылмыстық тергеу басталған дейді.

"Үш ай өтті, осы уақытта біз тергеу органдары тарапынан бейқамдық пен созбалаңға тап болдық. Үш айда тергеушілер үш рет ауысты, бірақ бар болғаны үш куәгер – аурухана қызметкерлері ғана сұралған. Қайғылы оқиға болған жердегі бейнежазбаларды сұратқанымызбен, аурухана бізге оларды ұсынбады. Алдымен бейнематериалдар 10 күн ғана сақталады деді, кейіннен дәрігерлік құпияға сілтеме жасады. Алайда Астана қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының ресми жауабы бейнежазбалардың бар екенін растады. Жарақат алған алғашқы күннен бастап Астана қаласының №2 қалалық ауруханасының бас дәрігерімен кездесуге жазылуға тырыстық. Бірақ ол кездесуден қашқақтап келеді. Хатшының жауабы бір – "кейін хабарласамыз".  Бірақ ешкім хабарласпайды. Сұраныстарымызға тек ресми жауаптар келеді", – деп қынжылды марқұмның әйелі.

Әйел денсаулық сақтау министрлігіне, прокуратураға, медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне шағым түсірген. Алайда нақты жауаптар келмеген.

"Ең басты сұрақ "күйеуімнің өліміне кім жауапты?" Бұл сол күйі жауапсыз қалып отыр. Сіздерге жүгініп отырмын. Бізге шындықты білуге көмектесіңіздер. Біз әділ шешім мен кінәлілердің жазалануын талап етеміз. Бүгін осы жағдай бізде болса, ертең кез келген қазақстандықта болуы мүмкін. Біз дәрігер Қанжығалин Марат Ғабдулұлының есімі әділдікпен есте қалуы үшін күресімізді жалғастырамыз. Мұндай жағдайлардың қайталанбауы үшін де күресеміз. Менің күйеуім тек хирург емес еді. Ол – спортшы, сүйікті әке, мейірімді ата еді. Әділдік орнамайынша, біз тоқтамаймыз", – деді марқұмның әйелі Гүлнар Тахметова.



Еске салайық, бұған дейін 7 жасар Раяна Қабжанова бір айға жуық респираторлық дерттен емделгенін жаздық. Марқұмның ата-анасы қызының өліміне №3 емхананың дәрігерлерін, жедел жәрдем мен балалар ауруханасының қызметкерлерін айыптады.  Анасының айтуынша, 28 ақпанда балада жөтел пайда болып, №3 емханадағылар антибиотиктер мен шарбат ішуді ұсынған. 7 наурызда дәрігер мектепке баруға рұқсат берген. Бірнеше күннен соң баланың ауруы асқынып, отбасы қайта емханаға жүгінген. Диагноз – ангина, бұған симпоматикалық ем тағайындалыпты. 

Талқылау