Полиция Шерзаттың әкесіне қоқан-лоқы көрсеткендерге қарсы қылмыстық іс қозғады
Арнайы брифингте Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов қаскөйлердің қолынан қаза тапқан 16 жастағы Шерзаттың әкесі мен жақындарына қоқан-лоқы көрсетіп, қорқытқандарға қылмыстық іс қозғалғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеоданскрин/Бауыржан Әленов
“Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық іс аясында әділ тергеу жүргіземіз”, – деп уәде берді ведомствоның ресми өкілі.
Бауыржан Әленовтың айтуынша, Ішкі істер министрлігінің өкілдері қоқан-лоқы бойынша жәбірленуші тараппен сөйлескен. Осыған қатысты 15 қазан, яғни бүгін жауап алу жоспарланды. Жауап алу барысында Шерзаттың әкесі Қаржаубайға кімнің қоқан-лоқы жасағаны анықталмақ.
“Әкесімен, адвокатпен жеке кездескенде ол “Иә, маған, менің жақындарыма біреулер келген болар” деп айтты. Бірақ ол кімнің нақты келгенін айтпады”, – дейді Бауыржан Әленов.
Бұған дейін прокуратура Шерзат Болаттың өліміне қатысты соттың онлайн режимде, ашық өтуін сұрайтынын жазған едік.
Еске салайық, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім көз жұмған еді. Кейіннен жағдайдың мән-жайы анықталды. Жанжал жасөспірімнің отбасы жұмыс істейтін дүкенде басталған. Туыстарының айтуынша, сауда нүктесіне келген сатып алушы сыра алып, ақшасын төлеуден бас тартқан. Сондай-ақ Шерзат Болаттың үйін белгісіз біреулер өртеп кеткені туралы жазған едік.