Полиция Қазақстан жолдарында қандай көлік шамдарын қолдануға болатынын айтып берді
Фото: istockphoto.com
Алматы облысының полициясы Қазақстанда көліктерге жолдарда қандай шамдарды қолдануға болатынын, ал қандай шамдар үшін жаза қарастырылғанын айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Полицияның мәліметінше, соңғы уақытта әлеуметтік желілерде кез келген автокөлікке Bi-LED шамдарын орнату туралы жарнамалар жиі тарап жүр. Полиция мұндай қайта жабдықтаулар заңсыз екенін және әкімшілік жауапкершілікке әкелуі мүмкін екенін ескертеді
Жол қозғалысы ережелеріне сай, жарықтығы 2000 люменнен аспайтын шамдарды қолдануға рұқсат етіледі.
Кеден одағының "Дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы" техникалық регламентіне сәйкес, жақын және алыс жарық шамдары, сондай-ақ тұманға қарсы шамдар пайдалану құжаттамасында көрсетілген талаптарға сай болуы тиіс.
Бұл талаптар жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін енгізілген, олар қарсы бағыттағы жүргізушілердің көзін шағылыстырудан қорғап, жарық ағынының дұрыс таралуына кепілдік береді.
Көлік құралының жарықтандыру жүйесіне кез келген рұқсатсыз өзгеріс енгізу “қайта жабдықтау” ретінде қарастырылады.
Көлікті техникалық тұрғыдан қайта жабдықтау кең таралған тәжірибе. Алайда мұндай өзгерістер арнайы сынақтардан өтіп, ресми түрде тіркелуі тиіс. Әйтпесе, бұл әрекеттер заңсыз деп танылып, әкімшілік жауапкершілікке тартылады және 15 АЕК (58 980 теңге) көлемінде айыппұл салынады.
Мәселен, жақында әлеуметтік желілерде бір қазақстандық автосервис мамандары 2008 жылғы көлікті 2021 жылғы үлгіге айналдырып, шанағы мен салонын түбегейлі өзгерткен видеосы тараған еді.
Полиция департаментінің мәліметінше, мұндай өзгерістер қайта жабдықтауға жатады және міндетті түрде тіркелуі керек. Яғни, техникалық төлқұжатты ауыстыруға тура келеді.
Мұндай көлік иелері мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарына (ХҚКО) конструкциясына өзгерістер енгізілген көлік құралын және алдын ала техникалық сараптамадан өту үшін талап етілетін құжаттар тізбесімен бірге өтініш ұсынуы қажет.

"Қазақтың ашкөздігі - ашаршылықтан": Психолог ашаршылықтың қазақтарға қалай әсер еткенін айтты
