Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Полиция әлеуметтік желіде көлігінің айнасы жоғалғанын жазған кәсіпкерге қатысты іс қозғады

Алматы қаласының полиция департаменті әлеуметтік желіде көлік айналарының ұрланғанын жазған кәсіпкер Ұлықбек Шәріповке жауап беріп, үстінен із қозғады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Танымал кәсіпкер Ұлықбек Шәріпов Instagram желісіндегі парақшасында көлігінің айналары ұрланғанын жазып, темір тұлпардың айнасын ұрлайтындар қанша ақша табатынын есептеп, жазба қалдырған еді. Қала полициясы оның өтінішіне жауап берді. 

"Ұ. Шәріповпен жүргізген келіссөздер барысында азаматтың шетелде жүргені анықталды. Ешқандай ұрлық жасалмаған. Ол жазбасында танысының басынан өткен фактіні суреттеген. Біз сол адаммен байланысқа шықтық. Ол 11 қыркүйекке қараған түні кафелердің біріне тиесілі тұрақта көлігінің бір айнасын ұрлап кеткенін растады. Бірақ ол туралы полицияға хабарлауды жөн көрмепті. Осылайша Шәріпов жазбасында бұрыс ақпарат беріп, қоғамды әдейі шатастырды. Сонымен қатар, ол жазбасында күмән тудыртатын статистиканы көрсетті. Есептеулер тек субъективті көзқараспен жазылған. Әлеуметтік желіде объективті ақпарат қана таралуы тиіс. Шәріпов БАҚ-ты және ақпаратты-коммуникациялық жүйелерді пайдаланып, жалған ақпаратты таратқаны үшін ҚР ҚК-нің 274 бабы бойынша үстінен іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды", — дейді Алматы қаласы полиция департаментінің жетекшісі Серік Күдебаев. 

Сондай-ақ департамент басшысы оңтүстік астанада қылмыс деңгейінің азайғанын түсіндірді.

"Жасалатын қылмыстың 72 пайызы — бөтен адамның мүлкін тонау. Біз ұрлықтың алдын-алуға және оларды анықтауға ерекше көңіл бөлеміз. Жаяу патрульдеуді максималды бағыттадық, видеобақылау камерасының санын арттырдық, арнайы нақтыланған және жергілікті өтеулерді жүзеге асырамыз. Қалада сегіз айдың ішінде біреудің мүлкін ұрлау 8 пайызға төмендеді. Аса ауыр қылмыстарды анықтау 35,7 пайызға артты", — деді Күдебаев. 

Қалада сегіз айдың ішінде пәтер тонау 2,1 есе, ұялы телефондарды ұрлау 2 есе, қалта ұрлықтары 35,9 пайызға, көлік салонынан ұрлау 2,1 есе, көлік айналарын ұрлау 4,2 есе, түсті және қара металдарды ұрлау 25,3 есе төмендеді. 

 

 

Талқылау