Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Пикетке шыққаны үшін қамауға алынған журналист Әсем Жәпішева бостандыққа шықты

Белсенді Темірлан Еңсебекті қолдап, пикетке шыққаны үшін қамауға алынған Әсем Жәпішева бостандыққа шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Oyan, Qazaqstan

Журналист Әсем Жәпішева 20 қаңтарда Алматыда Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебекке қолдау білдіріп, "Сатира – қылмыс емес" деген жазуы бар плакат ұстап жалғыз пикетке шыққан еді. Оны сот заңсыз митингке шықты деп 15 тәулікке қамауға алу туралы шешім шығарды. Журналист 4 ақпанда бостандыққа шықты.

Әсем бостандыққа шыққан сәтінде “Сатира – қылмыс емес!” жазуы бар мерч киген. Ол 15 күн азық-түлік жіберіп, хаттар жолдағандарға алғысын білдірді.

Айта кетейік, 19 қаңтарда Алматыдағы "Art of her" көркем басылымының бұрынғы бас редакторы, журналист Рус Бикетов те Qaznews24 сатиралық басылымының авторы Темірлан Еңсебектің ұсталуына қарсы жеке пикетке шыққан еді. Арадан бес минут өтпей жатып, полиция жігітті де ұстап әкеткен. 

Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі соты Бикетовті бейбіт жиындарды өткізу тәртібін бұзғаны үшін 15 тәулікке қамауға алу туралы шешім шығарды. Сот процесі онлайн режимде өтті.

Еске салсақ, бұған дейін Qaznews24 сатиралық парақшасының авторы, белсенді Темірлан Еңсебектің ұсталғаны туралы жазған едік. Ол Алматы сотының шешімімен екі айға қамауға алынды. 

Талқылау