Петропавлдық оқушы өз отбасын өлімнен құтқарып қалды
Петропавл қаласындағы № 44 орта мектептің 7 «А» сынып оқушысы, 13 жасар Никита Кукушкин өзінің отбасын газдан уланудан құтқарып қалды.
Оқиға 28 қаңтар күні түнде Жұмысшылар кенті, Лозовский көшесіндегі үйде орын алған. Отбасының жалғыз ұлы Никита түтіннің иісіне тұншығып, басы ауырған соң оянып кетеді. Ата-анасы мен бауырлары ұйықтап жатқан бөлмеге барып, оларды оятқысы келеді. Алайда, оның айқайына ешкім үн қатпаған. Ол ата-анасының ұялы телефонын алып, жедел жәрдем диспетчеріне қоңырау шалады және үйдің нақты мекен жайын береді, деп хабарлайды СҚО ТЖД баспасөз қызметі.
Медицина мамандары хабарламаны өрт сөндіру қызметінің күштері мен құралдарын жедел басқару орталығына жолдайды.
Оқиға орнына жеткен құтқарушылар ысып тұрған жылыту пешінің үстінде тамағы бар табаның қалып қойғанын көреді. Өрт сөндірушілер ТЖ орнынан төрт ересек адамды құтқарып, медицина қызметкерлеріне табыстаған. Иіс тиіп уланған Никита облыстық балалар ауруханасына жатқызылды.
Кеше СҚО ТЖД бастығының орынбасары Нұрлан Атығаев мектеп жиынында Никита Кукушкинді салтанатты түрде алғыс хатпен марапаттап, ұялы телефон сыйлады. «Біздің қызметке өзің секілді ержүрек, батыл, басқаларға көмектесуге әрдайым дайын тұратын балалар қажет. Сондықтан, мектеп бітіргеннен кейін құтқарушы боламын десең, қуана қарсы аламыз!», – деді Нұрлан Атығаев.
Никита сыйлыққа ризашылығын білдіріп, оның бұған дейін ұялы телефоны болмағанын және ол туралы қатты армандағанын айтты. Енді ол әрдайым байланыста болады.
Жіберіп алмаңыз:
Атақты айтыскер Дәулеткерей Кәпұлы мен Мұхамеджан Тазабеков әлеуметтік желіде айтысып қалды
ҰБТ тестіне Баян Есентаева жайлы сұрақтың неліктен енгізілгені түсіндірілді
Қызылорда облысында ұлы анасына бауырын беріп өміріне араша түсті