Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Петропавлда супермаркет тауарларының бағасын рубльмен көрсеткен

Фото: gov.kz

Петропавлдағы супермаркет тауарларының бағасын рубльмен көрсеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Петропавл тұрғыны баға қалыптастыру заңнамасының бұзылуына байланысты Сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментіне шағым түсірді. Оның айтуынша, қаладағы супермаркеттердің бірінде тауардың бағасы ұлттық валюта – теңгемен емес, Ресей рублімен көрсетілген.

Департамент мамандары жоспардан тыс тексеріс жүргізіп, нәтижесінде заңбұзушылық дерегі расталды.

“Тексеру барысында заң бұзушылық фактісі расталып, баға белгілерінде шетел валютасы көрсетілгені анықталды. Нәтижесінде супермаркет иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар департамент анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқама беріп, сауда орнының басшылығына баға белгілерін заң талаптарына сәйкестендіруді міндеттеді.”, – делінген хабарламада.

Департамент өкілдерінің айтуынша, мұндай жағдайлар тұтынушыларды шатастырып қана қоймай, олардың құқықтарын да бұзады. Бағаның шетел валютасымен көрсетілуі есеп айырысу кезінде қиындықтар туғызып, сауда нысандарына деген сенімсіздік қалыптастыруы мүмкін.

Еске салсақ, бұған дейін ШҚО-да балалар дүкенінің иесі тауарларының бағасын рубльмен көрсеткені үшін айыппұл арқалаған еді.

Дана Русланқызы
Жұма, 28 Қараша, 2025 18:58