Петропавлда олигархтың қарамағындағы жылу электр орталығында апат болды
"Орталық Азия электр энергетикалық корпорациясы" АҚ құрамына кіретін "СевКазЭнерго" жылу электр орталығында апат болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Ашық дереккөзден
"СевКазЭнерго" баспасөз қызметінің хабарлауынша, мамандар залалды анықтап, қазір жүйені қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде.
"15 қаңтар күні сағат 06:32-де Петропавл 2-ЖЭО-да деаэратор аймағындағы қоректік су жүйесі істен шыққан. Автоматты жүйе іске қосылуы салдарынан, негізгі жабдықтар өшірілген", – делінген хабарламада.
Станцияның жұмыс режимі сағат 17:00-ге дейін қалпына келтіріледі деп уәде берілді.
"Қалаға қажетті жылу мен салқындатқыш сұйықтықтың айналымындағы тұрақтылық сақталған. Яғни, жалпы жылумен қамтамасыз етуге ешқандай әсер болмады. Дегенмен, салқындатқыш параметрлерінде қысқа уақытқа болар-болмас ауытқулар болуы мүмкін," – делінген хабарламада.
Айта кету керек, АҚ-ның негізгі акционерлері – кәсіпкерлер Александр Клебанов пен Сергей Кан. Олардың әрқайсысына компанияның 47,1% акциясы тиесілі.
Еске салсақ, осыған дейін Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласындағы жылу электр орталығында жарылыс болып, 6 адам зардап шеккен еді.