Петропавлда жарты миллиард теңгеге жөнделген көпір қирай бастаған
Видеодан скриншот
Петропавлда бюджеттің жарты миллиард теңгесіне жөнделген көпір көп уақыт өтпей қирай бастаған. Бірнеше жыл бұрын күрделі жөндеуден өткен өткелмен жүру қауіпті дейді жүргізушілер. Өйткені тас жол тесіліп, астынан өтетін теміржол көріне бастаған. Көлік иелері көпір бір күні опырылып ортасына түсе ме деп қорқады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл – Петропавлдың орталығы мен жұмысшы кентін жалғайтын жалғыз көпір. Оның қазіргі сиқы адам шошырлық. Асфальті ойылып, астындағы темір арматуралары бетіне шығып жатыр. Көз алдымызда бұзылып жатқан көпірдің үстімен жүру қауіпті дейді тұрғындар.
Көпірдің жолы тесіліп, астынан өтетін теміржол рельстері көрініп тұр. Ойдым-ойдым жолды жүргізушілер айналып өту үшін қарсы бағытқа шығуға мәжбүр. Соның салдарынан жол апаты да жиі болатынын жасырмайды. Тұрғындар он жыл бұрын бюджеттен жарты миллиард теңге бөлініп, күрделі жөндеу жүргізілген өткелді жауаптылар жыл сайын жамайды. Бірақ одан нәтиже жоқ дейді.
“Меніңше, әу баста бетонды төсегенде құрылыс талаптары сақталған жоқ. Екі бетонның ортасын темірмен жалғап, бекіту керек еді. Енді ол тесіктерді жамай бергеннен пайда жоқ. Ақша далаға кетіп жатыр”, – деді қала тұрғыны Михаил Данилов.
Әкімдіктегілер шұрық-тесіл жолды жөндейміз деп сендірді. Ал көпірді қайта салу үшін қомақты қаржы керек деп отыр.
“Қаланы абаттандыру аясында ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Ол үшін ақша бөлінбейді. Ал күрделі жөндеу үшін қомақты қаражат керек. Көпірді күрделі жөндеу бір жарым миллиард теңге тұрады”, – деп мәлімдеді Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтолла.
Шенеуніктердің өткелді қашан толық қалпына келтіретіні белгісіз. Сондықтан қала халқы қауіпті болса да әзірге ескі көпір арқылы қатынай бермек.

"Жиырмадан асқан жігіттер қырындайды": Қызының қатарласындай жас көрінетін 40 жастағы қазақстандық әйел желі жұлдызына айналды
