Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Петропавлда теледидар пульті кісі өліміне себеп болды

Фото: freepik.com

Петропавл қаласында 52 жастағы ер адамның өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оқиға 7 ақпан күні болған. Алдын ала мәліметке сәйкес, 58 жастағы әйелдің үйіне танысы қонаққа келген. Таңғы уақытта спирттік ішімдік ішкеннен кейін олардың арасында жанжал туындаған. Ер адам әйелге алғаш болып қол көтерген. Бұған жауап ретінде әйел оны теледидар пультімен басынан бірнеше рет ұрған.

Оқиғадан кейін ер адам тек келесі күні ауыр хәлде ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер он күн бойы оның өмірі үшін күрескенімен, бас миының ауыр жарақаты салдарынан науқасты аман алып қалу мүмкін болмаған.

Аталған дерек бойынша Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаменті сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарының басталғанын хабарлады.

“52 жастағы Петропавл тұрғынының өліміне әкелген ауыр дене жарақатын салу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдікті ретінде 58 жастағы әйел ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жалғасып жатыр”, – делінген полиция хабарламасында.

Еске салсақ, бұған дейін Ақтөбеде күйеуін өлтірді деп айыпталған 37 жастағы әйел сот залынан босатылғаны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 25 Ақпан, 2026 20:47