Петропавлда баласы тасқынның алдын алуға көмектескені үшін айыппұл арқалаған тұрғын әлі де көмектесуге дайын екенін айтты
Фото: instagram.com/ruslan____life / Руслан Мырзабай мен Дастан
Солтүстік Қазақстан облысындағы Тепличный кентін су тасқынынан қорғап қалуға көмектескен 10 жасар баланың әкесі ұлына қатысты туындаған жағдайға пікір білдірді. Дастанның әкесі Руслан Мырзабай заң алдындағы жауапкершілігін мойындап, ұлының мақтан тұтарлық ісіне қарамастан заңның сақталуы керек екенін атап өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Баланың әкесі Руслан Мырзабай шешімнің заңдылығына дауласқан жоқ.
"Бұл жағдайда полицияның әрекеті заң тұрғысынан алғанда өте дұрыс. Мен жүргізуші куәлігі жоқ балаға көлік құралын басқару құқығын бере алмаймын", – деп мойындады ол.
Бұл ретте ер адам ұлы екеуінің әрекеті тек ауылдастарына көмектесу ниетінен туындағанын атап өтті.
"Менің ата-ана ретіндегі міндетім – баланың қауіпсіздігін ғана емес, оның дұрыс тәрбие алуын қамтамасыз ету, өзім де осы іспен айналысып жүрмін. Былтыр Дастан екеуміз қаптарға балшық толтырып, қолмен тасыдық. Биыл мототехника алдық, оны кентімізге өте қажет болған кезде пайдаландық", – дейді ол.
Ол қиын-қыстау кезде бейжай қалмайтынын, әрдайым көршілеріне көмектесуге дайын екенін айтты.
Ал полиция қызметкері ауыл тұрғындарына сын сәттегі жанкештілігі үшін алғысын білдіріп, төтенше жағдайдың өзінде балалардын қауіпсіздігі бірінші орында тұруы керек екенін ескертті.
Еске салсақ, таяуда Солтүстік Қазақстан облысында су тасқыны кезінде мектеп оқушысы квадроциклмен құм салынған қапшықтар тасып, үлкендерге бөгетті нығайтуға көмектескен. Баланың үлкендерге көмектесіп жүрген сәті түсірілген видео әлеуметтік желілерде кең таралып, желі қолданушылары балаға ризашылығын білдірді, дегенмен оның ата-анасына әкімшілік айыппұл салынды. Полицейлер кәмелетке толмағандардың көлік жүргізуге құқығы жоқ екенін ескертіп, 10 жастағы ұлына квадроцикл айдауға рұқсат бергені үшін әкесін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 612-бабы 5-бөлігіне (Құжаттары жоқ және басқару құқығы жоқ адамның көлiк құралын басқаруы) сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартып, 198 мың теңге көлемінде айыппұл салды.

"Мәһрге наубайхана ашып беруді сұрадым": Египеттік жігітке тұрмысқа шыққан қазақ қызының тойы желіде қызу талқыға түсті
