Петропавл тұрғындары қала автобустарында жолақы төлеуден толықтай бас тартпақшы
Петропавл тұрғындары қала автобустарында жолақы төлеуден толықтай бас тартамыз дейді. Қала әкімі Марат Тасмағанбетовтың есебіне келген азаматтар қоғамдық көліктердің сапасы сын көтермейтінін айтып шулады. Өйткені іші лас, орындықтары жыртық қоғамдық көліктерге отыру мүлдем мүмкін емес дейді.
Бұл туралы 31 арна хабарлайды.
Вера Левахова қоғамдық көлікке күнде отыратын тұрғындардың бірі. Ауруханаға барса да, азық-түлік алса да, қала ішінде тек автобуспен қатынайды. Бірақ оларға кіру мүмкін емес дейді.
«Отыратын орындықтары, қаптамалары кір, тіпті мазутпен былғанған. Отырудың өзі жиіркенішті. Ондай автобустарда жолақыны не үшін төлеймін?» – дейді тұрғын Вера Левахова.
Қалалық қоғамдық көліктер жол құнын көтеруді өтінгенде қызмет көрсету сапасын жақсартамыз деп үнемі уәде береді. Бірақ соңғы бес жылда 30 теңгеге қымбаттап, 80 теңгеге шыққан жолдың ақысы ондағы қызмет көрсету сапасына сай емес дейді көпшілік. Ал халықты жинап, есеп берген қала әкімінің өзі автобуспен жүрмейтін сияқты. Басшы тек жағдайды жақсарту автобустарды жаңалаумен ғана шешіледі деді. Бірақ қоғамдық көліктердің қашан ауыстырлатыны туралы айтпады.
«Кешенді тексеруде 12 лауазымды тұлға мен 31 автобус жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал енді тасымалдың сапасын арттыру үшін жаңа автобустар алу қажет», – дейді Петропавл қаласының әкімі Марат Тасмағанбетов.
Баяндамасында сандарға көп мән берген болуы керек, әйтеуір әкім мырза жауапкершілікке тартылған жүргізушілердің санынан жаңылмағанымен, не үшін жазаланғандарын нақтыламады. Ал жиынға келген тұрғындардың көбіне басшы жауабы ұнай қоймады. Өйткені есеп беру кездесуіне келіп тұрып, мәселенің қашан шешілетінін біле алмай кеткендерін айтады.
Оқи отырыңыз:
GetContact-ке кірген деректер желіде тарап кетті
Біздің елде сот ғимаратын салсаңыз да ақшаңызды ала алмай қалуыңыз мүмкін
Ақтөбеде жалақы алмаған тәрбиешілер білім бөліміне басып кірді