Петропавл әкімінің орынбасары мен басқарма басшылары мемлекеттік аудиттен кейін жауапқа тартылды
Фото: pexels.com
Солтүстік Қазақстан облысында жоғары аудиторлық палатаның тексерісінен кейін бірқатар лауазымды тұлға жауапқа тартылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жоғары аудиторлық палатаның мәліметінше, қазан айында Солтүстік Қазақстан облысына бөлінген бюджеттік қаражат пен мемлекеттік активтердің тиімді пайдаланылуын тексерді. Осылайша, заңнаманы, бюджет нормаларын және ішкі реттеуші құжаттарды бұзған бірқатар фактілер анықталды.
Бұған байланысты өңір әкіміне, Петропавл мен Сергеевка қалаларының, Айыртау, Уалиханов, Ақжар және Тайынша аудандарының әкімдеріне бұзушылық жасаған лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін қарау тапсырылды.
Сөйтіп түрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылғандар:
• Айыртау ауданының әкімі;
• Петропавл қаласының әкімі орынбасары;
• Сергеевка қаласының әкімі орынбасары;
• Облыс әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары;
• Облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары;
• Облыс әкімдігінің жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасы басшысының орынбасары;
• Петропавл қаласы әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің сектор меңгерушісі;
• Тайынша ауданы әкімдігінің сәулет, құрылыс, ТКШ, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің жетекшісі;
• Айыртау және Уалиханов аудандары әкімдіктерінің сәулет, құрылыс, ТКШ, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімдерінің сектор меңгерушілері;
• Ақжар ауданы әкімдігінің ТКШ, жолаушылар көлігі, автокөлік жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің міндетін атқарушы жетекшісі.
Сонымен қатар жоғары аудиторлық палатаның тапсырмасы бойынша Солтүстік Қазақстан облысында мемлекеттік аудит барысында анықталған бұзушылықтарды жою бойынша іс-шаралар жоспары әзірленді. Жоспарға облыстық мәндегі автокөлік жолдарының паспортизациясы да кіреді. Аудит қорытындысы бойынша басқа тапсырмаларды орындау жұмысы бақылауда қалып отыр.
Сенат үш жылдық республикалық бюджет туралы заңды мәжіліске қайтарды
Еске салайық, бұған дейін жоғары аудиторлық палата "Самұрық-Қазына" қоры мен оның компанияларынан көптеген кемшілік тапты. Трансформация бағдарламасы жоспарланған нәтиже бермеген, корпоративтік басқару әлсіз, стратегиялық құжаттар сапасыз. Ақпараттық жүйелер толық жұмыс істемейді, кей есептер қолмен жүргізіледі. Қор құрылымы шамадан тыс күрделі, ондаған компания шығынға жұмыс істеген. 2020–2024 жылдары инвестжобалардың аз бөлігі ғана аяқталған. Аудит тексерісінен кейін 351,8 миллион теңге қаржылық бұзушылық, 122,2 миллиард теңге тиімсіз шығын анықталып, көптеген материалдар бақылау және құқық қорғау органдарына жіберілді.
Алматы әкімдігі тұрғындардың наразылығын тудырған эстакадаға қатысты суретке түсініктеме берді