Перизат Қайраттың қор құру кезінде-ақ қаржыны жымқыру ниеті болған – Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Елемесов
Фото: коллаж
Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов қайырымдылыққа жиналған ақшаны жымқырды деп айыпталып отырған Перизат Қайраттың қор құру кезінде-ақ салымшыларды алдап, ақшасын иемдену ниеті болғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Qogam news хабарына сілтеме жасап хабарлайды.
Жеңіс Елемесов Перизат Қайрат жымқырды делінген 3,5 млрд теңге ұрлық сомасы ретінде есептеліп отырғанын атап өтті.
"3,5 млрд теңге – жымқырылған қаржы сомасы. Бұл – алаяқтық. Алдымен алаяқтық деген не екеніне тоқталып өтейін. Алаяқтық – алдау және сенімге қиянат жасау арқылы бөтеннің мүлкін иемдену. Бұған дейін Перизат Қайрат Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қоғамдық қорын құру кезінде құрылтайшылардың орнына өзі қол қойғаны хабарланды. Осылайша қоғамдық бірлестік құру кезінде-ақ оның қайырымдылық жарна төлеген әлеуетті салымшыларды алдап, ақшасын иемдену ниеті болған. Сондықтан қаржының 3,5 млрд теңге көлеміндегі қаражаттың жалпы сомасы ұрлық сомасы ретінде есептеліп отыр.
Қаржының қаншасын өзіне, қаншасын туыстарына немесе достарына жұмсағанын айту қиын. Тергеу қанша ақшаны қайда жұмсағанын анықтады. Алайда жиналған 3,5 млрд теңге Перизат Қайратқа есептеліп отыр, өйткені оның о бастан сол ақшаға иелік ету ниеті болған. Егер ол қандай да бір қаржыны қайырымдылық іске жұмсаса, ол мұны қылмыстық әрекетін жасыру үшін істеген", – дейді Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары.
Агенттік өкілінің мәлімдеуінше, Перизат Қайраттың қылмыстық ісі жүз томнан асқан.
Еске салсақ, 9 шілдеде Астанада 3 млрд теңгеден астым қаржыны жымқырды деп айыпталған Перизат Қайрат пен оның анасына қатысты алдын ала сот тыңдауы басталды.
Бұл қаржы мүмкіндігі шектеулі балаларға, сондай-ақ Қазақстандағы су тасқынынан және Таяу Шығыстағы қақтығыстан зардап шеккендерге қайырымдылық көмегі ретінде жиналған.
2024 жылғы қараша айында Перизат Қайрат су тасқынынан зардап шеккендерге көмек ретінде жиналған 1,5 миллиард теңгеден астам қаражатты жымқырды деген күдікпен ұсталған. Тергеу деректері бойынша, бұл қаражаттың бір бөлігі элиталық жылжымайтын мүлік, көлік және қымбат шетелдік сапарлар сияқты жеке қажеттіліктерге жұмсалған
Сот тыңдауы кезінде Перизат Қайрат тергеу изоляторында соққыға жығылғанын айтып көзіне жас алды.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
