Перизат Қайраттың ісі: "Біз біргеміз" қорында жарияланған фотолар басқа сайттан алынған болып шықты
Biz Birgemiz қоғамдық қорының сайтында жарияланған фотолар Freepik.com арнайы сайтынан сатып алынған болып шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: bizbirgemiz.kz
Басылымның мәліметінше, қордың бас бетінде ақша жымқырды деп күдікке ілінген қордың құрылтайшысы Перизат Қайраттың суреті жарияланған. Еске салайық, ол су тасқынынан зардап шеккендерге арналған 1,5 миллиард теңге мен Палестина халқына көмек ретінде жиналған 200 миллион теңгені ұрлағаны үшін күдікке алынды.
Сайтта көрсетілген мәліметтерге сәйкес Biz Birgemiz қоры Қазақстанның Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Абай, Ақмола және Ұлытау облыстарында су тасқынынан зардап шеккендерге көмек жинауды ұйымдастырған. Қор өзі өткізген қайырымдылық акцияларын сипаттап, оған Freepik.com сайтынан алынған фотоны қосып, екі фотоны біріктіріп жіберген.
Фото: bizbirgemiz.kz
Біріншісінде бір топ адам, оның ішінде көбіне шетелдік азаматтардың азық-түлік жинап жатқаны көрінеді. Екіншісінде жас қыз қолында қорап ұстап тұр. Бірақ Google Chrome браузерінің Google Lens функциясын пайдаланып, бұл фотолардың түрлі сайттарда кездесетінін көруге болады. Ал суреттердің негізгі көзі Freepik.com болып шықты.
Фото: Stan.kz
Фото: Stan.kz
Еске салайық, бұған дейін редакция Перизат Қайраттың 18 наурызда Газа секторына көмек көрсеткені туралы айтқандары шындыққа сәйкес келмейтінін жазған едік. Шынында, бұл сапарға Рано мен Марго есімді блогерлер қатысып, мұқтаж жандарға көмек көрсеткен. Өздерінің жеке парақшаларында бұл әрекеттерінің дәлелдері болғанына қарамастан, олар Перизаттың өз атынан ақпарат жариялап жатқанын айтып, наразылық білдірді. Олар бірнеше рет Перизаттан бұл посттарды алып тастауды сұрағанымен, блогер бұл әрекетін жалғастыра берген.
Фото: Stan.kz