Перизат Қайратқа мүгедек балаларға арналған орталық салуға жиналған 22 миллион теңгені жымқырды деген айып тағылды
Қаржы мониторингі агенттігі қайырымдылыққа жиналған қаржыны жымқырды деп айыпталған Перизат Қайраттың ісін тергеуге қатысты жаңа деректерді жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: instagram.com/01pk
Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов Перизат Қайратқа Палестинаға көмекке, су тасқыны кезінде жиналған қаражатты жымқырудан бөлек тағы бір дерек анықталғанын мәлімдеді.
"Қаңтарда қосымша бір дерек тіркелді. Ол мүгедек балаларды оңалтуға арналған орталық ашамын деп аукцион ұйымдастырып, 22 миллион теңге қаржы жинаған. Бірақ қаржыны өз қажетіне жұмсаған. Барлық дерек бойынша жымқырылған қаржыны қоса есептедік. Бұл қаражатты, бұған дейін айтқанымыздай, жеке үй, көліктер мен пәтерлер сатып алуға жұмсаған", – деді ол.
Жеңіс Елемесовтің айтуынша, Перизат Қайраттың ісін тергеу аяқталуға жақын. Наурыз айының басында іспен танысу басталады дейді. Ал күдіктілердің қатарына қосылған Перизат Қайраттың анасы қамауға алынбаған.
Еске салайық, “Biz Birgemiz” қорының басшысы Перизат Қайрат су тасқынынан зардап шеккендерге жиналған 1,5 миллиард теңгені жымқырды деген күдікке ілінген еді.
Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, қайырымдылықтың негізгі бөлігі қымбат сән бұйымдары мен жылжымайтын мүлікті сатып алу мақсатына пайдаланылған. Биыл көктемде ол елордадағы автосалоннан 88 миллион теңгеге "Mercedes-Benz S450", 80 миллион теңгеге "Lexus LX-600" және 39 миллион теңгеге "Haval" автокөліктерін сатып алды.