Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Перизат Қайрат ісі: Қайырымдылық қорына ақша аударған үш жәбірленуші сотқа келмеді

Сотталушы Перизат ҚайратФото: instagram.com/01pk

Перизат Қайрат ісі бойынша бірнеше жәбірленуші мен олардың өкілдерін сотқа мәжбүрлі түрде жеткізу мүмкін болмаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бұған дейін Перизат Қайрат ісі бойынша өткен сот отырысында прокурорлар үш қатысушыны сотқа мәжбүрлі түрде жеткізу туралы өтініш білдірген еді, өйткені олар байланысқа шықпаған.

Жәбірленушілер мен олардың өкілдерінің бұрын берген жауаптарынан жәбірленушілердің бірі – Алматыдағы "Сұңқар" құс фабрикасының кадр бөлімінің бастығы Перизат Қайраттың қорына өз қалтасынан 60 мың теңге аударғаны белгілі болды. Тағы бір адам "Анеко Л" кәсіпорны атынан су тасқынына қарсы күреске 3 миллион теңге аударған. Ал Маңғыстау облысы қазынашылық департаментінің басшысы департамент атынан 231 500 теңге аударған. Ол бұл қаражатты қайтарып беруді және BizBirgemiz Qazaqstan 2030 қоғамдық бірлестігінің басшысына шара қолдануды талап еткен.

Судья Сабыржан Кәрімов прокурорлардың үш жәбірленушіні сотқа мәжбүрлі түрде жеткізу туралы өтінішін қанағаттандырды. Қаржы мониторингі агенттігінің қызметкерлері жәбірленушілер мен олардың өкілдерін 18 шілде күні таңғы сағат 10:00-де сотқа жеткізуі немесе онлайн қосуы керек болған.

18 шілде таңертең прокурор Мадина Оразалина жәбірленушілермен және олардың өкілдерімен байланысу мүмкін болмағанын мәлімдеді.

"Бүгінге дейін олардың тұрғылықты мекенжайларына бару арқылы да, ұялы байланыс арқылы да хабарласу мүмкін болмады. Жақын туыстарымен де хабарласа алмадық. Осыған байланысты қаржы мониторинг агенттігінің жедел уәкілі рапорт толтырды", – деді мемлекеттік айыптаушы.

Рапортта бір жәбірленушілердің бірі еңбек демалысында екені және Ақтөбе қаласынан тыс жерге кеткендіктен, байланыс пен интернетке қол жеткізе алмайтыны жазылған. Сондықтан ол сотқа бейнебайланыс арқылы да қосыла алмаған, Астанаға да келе де алмаған. Тағы бір жәбірленушінің өкілі де байланыс аясынан тыс жерде екені мәлім болды.

"Онымен телефон арқылы хабарласу мүмкін болмады, сондай-ақ тұрғылықты мекенжайында да жоқ", – деді прокурор.

Тағы бір жәбірленуші де телефон қоңырауларына жауап бермеген, көрсетілген мекенжайда да жоқ болып шыққан. ҚМА өкілдері оның туыстарына да хабарласа алмаған.

Аида Тақабаева
Жұма, 18 Шілде, 2025 12:07
Талқылау