Перизат Қайрат ісі бойынша судья жаңа шешім шығарды
Фото: коллаж
Перизат Қайрат ісі бойынша төрағалық етуші судья Сабыржан Кәрімов сот процесіндегі БАҚ өкілдерінің жұмысына қатысты шешім шығарды. Журналистер мен операторлар сот процесі бойынша сот ғимаратынан хабар тарата алады. Алайда БАҚ өкілдеріне бірқатар шектеу қойылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бүгін Астанада қаржы жымқырды және алаяқтық жасады деп айыпталған қоғам белсендісі Перизат Қайратқа қатысты басты сот отырысы басталды. Судья Сабыржан Кәрімов сотталушылар Қайрат пен Алашпаеваға қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесін БАҚ өкілдері сот ғимарытындағы баспасөз орталығынан бақылай алатынын атап айтты.
"Негізгі сот отырысы бейнебайланыс арқылы өтуі мүмкін, шешімді төрағалық етуші шығарады. Сотталушылар Қайрат пен Алашпаеваға қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысы ашық түрінде өтіп жатыр. БАҚ өкілдерінің қатысуы шектелген жоқ. Бүгінде 70-тен астам БАҚ өкілі қатысуға өтініш білдірді", – деді судья.
Кәрімов сотталушылардың өтініші бойынша, олардан жауап алу кезінде, оның ішінде сотталушылар түсініктеме берген кезде, сондай-ақ дәлелдемелерді зерттеу кезінде құпия ақпарат болуы мүмкін болғандықтан, сот талқылауының жариялылығын шектеу туралы шешім қабылдағанын еске салды.
"Қылмыстық-процестік кодекстің 366-бабының 3-бөлігіне сәйкес, сотталушылар сот отырысының кез келген уақытында айғақ бере алатындықтан, сот отырысына қатысушылар болып саналмайтын тұлғалар, сондай-ақ БАҚ өкілдері өздерінің жабдықтарымен бірге сот отырысы залынан шығып, кейін қайта кіруі үшін сот әр жолы үзіліс жариялауға мәжбүр болады. Бұл көп уақытты алады және процеске қатысушыларды алаңдатады", – деді судья.
Осы себепті журналистер мен операторлар Перизат Қайраттың ісін сот ғимаратындағы баспасөз орталығынан көре алады. Алайда сот процесін, Перизат Қайратты, оның анасын және адвокатты түсіруге тыйым салынған. Сондай-ақ сот ғимаратынан тікелей эфирге шығуға немесе бейнебайланысты қайта трансляциялауға тыйым салынды.
Еске салсақ, 9 шілдеде Астанада 3 млрд теңгеден астым қаржыны жымқырды деп айыпталған Перизат Қайрат пен оның анасына қатысты алдын ала сот тыңдауы басталды.
Бұл қаржы мүмкіндігі шектеулі балаларға, сондай-ақ Қазақстандағы су тасқынынан және Таяу Шығыстағы қақтығыстан зардап шеккендерге қайырымдылық көмегі ретінде жиналған.
2024 жылғы қараша айында Перизат Қайрат су тасқынынан зардап шеккендерге көмек ретінде жиналған 1,5 миллиард теңгеден астам қаражатты жымқырды деген күдікпен ұсталған. Тергеу деректері бойынша, бұл қаражаттың бір бөлігі элиталық жылжымайтын мүлік, көлік және қымбат шетелдік сапарлар сияқты жеке қажеттіліктерге жұмсалған.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
