Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Пайдакүнемдік әрекеттерге де қолайлы жағдай туғызады": Аида Балаева Перизат Қайратқа қатысты тергеуге пікір білдірді

Ақпарат және мәдениет министрі Аида Балаева су тасқыны кезінде 1,5 миллиард теңге жымқырды деп күдікке ілінген "Біз біргеміз" қоғамдық қайырымдылық қорының бұрынғы жетекшісі Перизат Қайратқа қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Ақорда. Аида Балаева / Іnstagram/01pk Перизат Қайрат

Министрдің сөзінше, елімізде қайырымдылық дамып жатыр. Дегенмен алаяқтық пен пайдакүнемдік әрекеттер үшін де қолайлы жағдайлар туғызады деді ол.

"Волонтерлер қозғалысының белсендісі әрі қоғамдық қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайратқа қатысты шулы тергеу қайырымдылық көмегін көрсету механизмдерін жетілдірудің қажеттілігін тағы да еске салып отыр. Сондықтан барлық қазақстандықты қайырымдылық көмек операторларын мұқият зерттеуге және тек тексерілген әрі сенімді серіктестермен ғана жұмыс істеуге шақырамын", – деді Аида Балаева.

Айта кетейік, таяуда мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәжілісте қайырымдылықтың барлығы мемлекет бақылауына алынатынын мәлімдеді. Бұл шаралар қазақстандықтарды алаяқтардан қорғау үшін маңызды дейді ол. Қазір елімізде қайырымдылық негізінен азаматтардың емделуіне ақша жинау түрінде көрсетіледі. Мәдениет министрлігі көмек көрсетудің бірыңғай тетігін құруды ұсынып отыр.



Еске салайық, бұған дейін ерікті Перизат Қайрат су тасқынынан зардап шеккендерге жиналған 1,5 миллиард теңгені жымқырды деп күдікке ілінгенін жаздық. Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, ол қайырымдылық ақшасын сән бұйымдары, автокөліктер, жылжымайтын мүлік сатып алуға және қымбат қонақүйлерде демалуға жұмсаған. Сонымен қатар ол ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырып, достары мен туыстарына сыйақы берген. Перизат Қайрат ұсталды, тергеу жүргізіліп жатыр. 

Талқылау