Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Павлодарлық омарташы су тасқыны кезінде қырылған аралары үшін 2,8 миллион теңге өтемақы өндіріп алды

Фото: Atameken.kz

Павлодар облысы Розовка ауылының тұрғыны су тасқыны кезінде қырылған аралары үшін 2,8 миллион теңге өтемақы талап етті. Дегенмен учаскелік комиссия омарташыға өтемақы төлеуден бас тартқан. Сосын ол сотқа шағым түсірген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Омарташы су тасқыны салдарынан 80 арасынан айырылған. Тұрғын Николай Хохленконың айтуынша, су тасқыны 2024 жылдың сәуірінде түнде болған. Ол қызметкерлерімен бірігіп бөгет жасағанымен, араларды аман алып қала алмаған. 

"Бастапқыда су алыс жерде болды. Ешқандай қиындық тудырмады. Су тасқынына қарсы бөгеттер жасап, аумаққа кіре беріске қаптар қойдық. Бірақ түнде қатты жел соқты. Таңғы сағат 6:30-да жағдайды тексеруге бардық. Судың биіктігі бір метр болды. Араларға арналған екі ұямыз толығымен суға кеткен. Оған қарсы ештеңе істей алмадық. Бөгет жасағанымыз бекер болды. Бәрін су шайып кетті", – деді омарташы. 



2024 жылдың мамыр айында төтенше жағдай аясында келтірілген залалды өтеу туралы өтініш беру уақыты келгендде комиссия омарташының өтінішін орындаудан бас тартқан. Сосын ер адам сотқа жүгінген. 

"Сот Павлодар ауданының әкіміне, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөліміне су тасқыны салдарынан мүлік иесін зардап шеккен деп тану жөніндегі комиссияны қарауға міндеттеді. Сот шешімі орындалып, 7 ақпанда Павлодар ауданы әкімдігі мүлік иесін зардап шекті деп таныды", – делінген хабарламада. 

Нәтижесінде Павлодар ауданының әкімдігі омарташы-фермерге 2 816 000 теңге өтемақы төледі.

Айта кетейік, бұған дейін Қостанай облысының тұрғыны бір жыл бұрын су тасқыны кезінде берілуге тиіс болған өтемақыны ала алмай жүргені туралы жазған едік. 

Жұмаділлә Нұрила
Сәрсенбі, 30 Сәуір, 2025 12:21
Талқылау