Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Павлодардағы құрылысы бітпеген стелла жұртты шошытты: Әкімдік желідегі шағымнан соң оны сүріп тастады

Фото: Bozrenie.kzФото: Bozrenie.kz

Әлеуметтік желіде Павлодар қаласына Шарбақты ауданы жағынан кіретін жолдың бойында орналасқан стелланың фотосы жұртты шошытты. Қала тұрғындары оны "Жемқорлықтың символы" деп те атайды. Бұл құрылыс 2018 жылы салынып, аяқсыз қалған. Павлодар әкімдігі Stan.kz ақпарат агенттігіне  бұл "ескерткішті" сүріп тастағанын хабарлады.

Аталған құрылыс 2018 жылдан бері еш өзгеріссіз тұрды. Қала халқы мен қонақтары жолдан әр өткенде "жұпыны құрылыстың" қасынан қорқа өтеміз дейді.

  • "Күн сайын осының қасынан өтемін де, қалам үшін ұялып кетемін. Бұл – біздің қаланың келбеті. Әкімдер мұны көре тұра, неге сегіз жыл бойы еш әрекет етпейді? Біздің қалаға келген адамдар не көреді? Қираған, қаңыраған осы құрылысты көреді";

  • "Ең бастысы ақша бөлді, ол әкімдердің қалтасына түсті. Ал басқасы маңызды емес, жауап талап етілмейді және оған ешкім жауап бермейді де";

  • "Бәлкім бұл Павлодардың басты нышаны шығар?";
  • "Бұл "ескерткіштің" тұрғанына 10 жыл болды";
  • "Бұл – жемқорлықтың символы";
  • "Ақшасын жеп алды да, жоқ болып кетті";
  • "Бүкіл ел бізді қызғанады";
  • "Қазір ол жерде түк қалмаған", – десті жұрт.


Павлодар қаласы әкімдігі Stan.kz-ке берген жауабында қалаға Шарбақты ауданы жағынан кіретін жолдың бойында стелла орнату туралы шешім 2018 жылы қалалық қоғамдық кеңестің бастамасымен қабылданғанын айтты. Жоспар бойынша ескі стелланы бұзып, орнына жаңасын орнатпақ болған. Бірақ шығыс айналма жол жөнделетін болып, құрылыс тоқтатылған.

"Кейінірек "Павлодар қаласының шығыс айналма жолын" реконструкциялау жобасы басталғаннан кейін "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ жаңа стелланың құрылысын тоқтату туралы шешім қабылдады. "Павлодар шығыс айналма жолын" реконструкциялау жобасының әрі қарай іске асырылуы және оның мерзімі бойынша сұрақтармен "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ мекемесіне жүгіну қажет", – деп жауап берді Павлодар әкімдікі аппараты.


Дегенмен 10 жылға жуық аяқталмай тұрған құрылыс тек биыл сүрілді. Халық қазір оның орнында ізі де қалмаған деп отыр.

"Қазір 2018 жылы демонтаж жұмыстары басталған ескі стелланың құрылымы толық алынып тасталды", – деп хабарлады Павлодар әкімдігі бізге берген жауабында.


Алайда әкімдік бұл құрылысқа бюджеттен қанша қаржы бөлінгені туралы сұрағымызға жауап бермеді. Бұған дейін тараған ақпаратқа сай, аталған құрылысқа 10 миллион теңге қаржы бөлінген және оның 5 миллионы игерілген. Қалған сома туралы ешқандай ақпарат жоқ.

Еңлік Сақтан
Сейсенбі, 14 Қазан, 2025 15:40
Талқылау