Павлодардағы балалар үйінде жасөспірім қыз жүкті болып қалды
Павлодардағы балалар үйінің 16 жастағы тәрбиеленушісі жүкті болып қалды. Жасөспірім екі жақтың келісімімен жыныстық қатынасқа түскенін мойындады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Рavlodarnews.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: pexels.com
Медициналық тексеруден өткен жаспірімнің жүктіліктің үшінші аптасында екені анықталды.
“Қамқоршы – орталықтың басшысы құқық қорғау органдарына арыз жазды. Қызға психологиялық көмек көрсетілді“, – деп мәлімдеді облыстық білім басқармасы.
Іс кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысында қаралды. Орталық басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
“Қыз 16 жастан асқан. Келісім беретіндей жасқа толған. Заңға сәйкес, мұнда қылмыстық құқық бұзушылық та, қылмыстық іс қозғауға негіз де жоқ”, – деді облыстық балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Шәкенева.
Сондай-ақ кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдердің некеге тұрғаны белгілі болды. Жас отбасыға қажет қаржылай көмекті құрсақтағы баланың әкесінің ата-анасы өз мойнына алды.
Бұған дейін Ақтөбеде 7-сынып оқушысы зорланып, жүкті болғаны туралы ақпарат тараған еді.