Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Павлодарда жеке сот орындаушылары филиалының басшысы қамауға алынды

Павлодарда жеке сот орындаушылары филиалының басшысы қамауға алындыФото: Ru.freepik.com

Павлодар облысында жеке сот орындаушылары республикалық палатасы филиалының басшысы мас күйде көлік жүргізгені үшін қамауға алынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Аймақтың басты жеке сот орындаушысының қамауға алынғаны туралы жергілікті Telegram арнасы жазды.

“Судебный кабинет” сайтында Павлодардағы әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша мамандандырылған ауданаралық соттың 21 ақпанда шығарған қаулысы жарияланды. Қаулыға сәйкес, кроссовер басқарған жеке сот орындаушылары палатасы филиалының басшысы 21 ақпан түнде тоқтатылды. Медициналық тексерістің қорытындысы бойынша жүргізуші орташа дәрежеде мас болған.

Сот отырысында айыпталушы әкімшілік құқық бұзушылық жасағанын толық мойындады. Ол көп кымыз ішіп, рөлге отырғанын және өзін полиция қызметкерлері тоқтатқанын айтты.

Ер адам Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабының 1-бөлімі (Көлікті мас күйде басқару) бойынша кінәлі деп танылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

“Сот құжатына сәйкес, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 50-бабында қарастырылған қамаудан босатуға еш құқықтық негіз жоқ. 50-баптың 3-бөліміне сәйкес, қамау мерзімі әкімшілік ұстау сәтінен бастап, яғни 21 ақпан сағат 04:45-тен бастап есептеледі”, – делінген құжатта. 

Сондай-ақ сотталушы 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылды.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 23 Ақпан, 2026 10:59