Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Павлодарда премьер Сағынтаевтың қолынан пәтер кілтін алған отбасы далада қалғалы тұр

Үшем үйсіз қалғалы тұр! Павлодарлық көпбалалы ана Қарлығаш Тәнкешоваға 6 жыл бұрын үшемді дүниеге әкелгені үшін аймақ басшылары үш бөлмелі пәтер сыйлапты. Бастапқыда мұнда алаңсыз тұрып келген отбасының бір жылдан бері мазасы қашқан,-деп жазды КТК арнасы.

 

Өйткені, қалалық тұрғынүй-коммуналдық шаруашылық бөлімі қаржы бөліміне ауыстырдық деп, жалға алу құжаттарын ұзартпай қойған. Қарлығаш онда талай барғанымен жарытып жауап ала алмапты. Екі ортада бір жыл сандалған бұл отбасының мәселесін енді сот шешуі тиіс.

Отыз екі жастағы Қарлығаш Тәнкешованың 9 жасар Жанар есімді қызы мен Анар, Шынар және Нұрсұлтан есімді үшемі бар. Алты жыл бұрын осы үшемді дүниеге әкелгенде сол кездегі облыс басшысының қолынан үш бөлмелі су жаңа пәтердің кілтін алыпты. Енді бүгінде сол пәтерден айырлу қаупі төніп тұр.

«Облыс әкімі сол кезде Бақытжан Сағынтаев өз қолымен кілтті беріп еді. Өте қатты қуандық. Осы үш бөлмелі үйді берді. Ал енді қазіргі жағдайымыз қолымыздағы құжатты ары қарай созбай отыр. Екі ортада тепкіштеп жүр»,-дейді  көп балалы ана Қарлығаш Тәнкешова.

Бастапқыда үй құжаттарын еш кедергісіз ұзартып келген отбасын, қалалық тұрғынүй-коммуналдық шаруашылық бөлімі былтыр аяқ астынан қаржы бөліміне ауыстырдық деп қабылдамай қойыпты.

Ал қаржы бөліміндегілер болса, пәтер қайдан берілсе жалға алу мерзімі сонда созылады деп кері қайтарған. Екі ортада бір жыл сандалған отбасы бұдан соң прокуратураға да барған. Бірақ ондағылар шенеуніктер жалға алу құжатын ұзартудан бас тартпайынша, ештеңе жасай алмаймыз дегенді айтқан.

Енді бұл отбасындағылар жалға алу құнын бәрібір төлеп отырғанымен, келісім-шарттың ұзартылмауына байланысты түбі пәтерден айырылып қаламыз ба деп қорқады. Балалары да үреймен отыр.

«Бұл біздің бөлмеміз. Біз бөлмемізде ойнаймыз, сабақ жазамыз. Біз бөлмесіз қалғымыз келмейді»,-дейді  Тәнкешованың қызы Жанар Сағындық.

Ал шенеуніктер өздеріне шаң жуытар емес. Бұған дейін отбасына жарытып жауап бермеген олар енді мәселені сот арқылы шешуге кеңес берді.

«Аталған азаматшаға мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын «Горкомхоз» деп аталатын қазыналық кәсіпорынға ресми түрде  арыз жазып және сол жерден ресми түрде жауабын алу қажет.

Біз қалалық тұрғын үй комиссиясы өз тарапымыздан ресми түрде жауабымызды бердік, енді осы екі жауаппен азаматшаға қалалық сотқа шағымдану қажет»,-дейді Павлодар қаласы қаржы бөлімінің бас маманы  Ерік Слан.

Көп балалы ана еш жерде жұмыс істемейді. Жалғыз отағасының жалақысы мен төрт бала үшін берілетін он мың теңгеге жуық жәрдемақыға қарап отыр.

Ал бар байлығы – басындағы баспанасының бұл мәселесі жақын күндері шешілмеген жағдайда, кезінде оның кілтін табыстаған бүгінгі премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың өзіне хат жазуды көздеп отыр.

Оқи отырыңыз:

Божко: Қалаға келетін ауылдық жастардың ағымын азайту керек

Бердібек Сапарбаев өрттен қаза тапқандардың отбасына көмек көрсететінін мәлімдеді

Оралдық кәсіпкер ұшақ ішінен балалар кафесін ашпақшы (фото)

Бауыржан Байбек көшеде баян тартып отырған қарияға қолтаңба берді (видео)

 

 

Талқылау