Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық офицер әскерге шақырылғандарды "әскерден босатамын" деп алдап ақша алған

Павлодарда офицер қазақстандық әскерге шақырылғандарыды алдағаны үшін мансабы мен әскери атағынан айырылдыФото: Pexels.com

Павлодарда офицер әскерге шақырылғандарды “әскерден босатып беремін” деп ақша алған. Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұл әрекеті үшін әскери комиссариат қызметкерінің үстінен шағым түсірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

“Сот кабинеті” материалдарына сәйкес, әскери комиссариаттан шақыру қағазын алған жігіттер таныстары арқылы Павлодар облысы Қорғаныс істері департаментінің қызметтік қызметті ұйымдастыру бөлімінің офицеріне шыққан. Олар одан мерзімді әскери қызметтен босатуға көмектесуін сұраған. 32 жастағы әскери комиссариат қызметкері бұл мәселені сыйақы үшін шешіп бере алатынын айтқан.

“Оның көрсеткен “қызметінің” құны 250 мыңнан 1,4 миллион теңгеге дейін өзгеріп отырған. Ақшаны қолма-қол алған және әскери қызметкердің туыстарының банк карталарына аудартқан”, – делінген құжатта.

Іс материалдарына сәйкес, офицердің көмегіне запастағы әскери қызметкер де жүгінген. Ол әскери-дала жиындарынан жалтармақ болған.

“Сотталушы Н өзінің қызметтік лауазымына байланысты мерзімді әскери қызметтен босатуға ықпал ете алмайтынын біле тұра, алдап, ақша жымқырып, қылмысқа барған”, – делінген сот құжатында.

Іс материалдарында төрт жағдай көрсетілген. Келтірілген жалпы залал көлемі – 3,6 миллион теңге. Сондай-ақ ақша төлеген барлық әскерге шақырылғандардың әскери-дәрігерлік комиссия денсаулық жағдайына байланысты уақытша әскери қызметке жарамсыз деп танығаны атап өтілді. Бұдан соң жігіттер Ұлттық қауіпсіздік комитетіне арызданған. Жәбірленушілердің арасында шақырылғандардың бірінің анасы болған.

“Азаматша С өзінен заңсыз түрде ақша алынғанын және мәселесінің шешілмегенін түсінген соң, өзіне 1 миллион теңге көлемінде материалдық шығын келтірілгенін көрсетіп, ҰҚК департаментіне арызбен жүгінуге шешім қабылдады”, – делінген сот құжатында.

Сотталушы офицер өз кінәсін мойындады. Сот жеңілдететін мән-жайлар ретінде оның өкініш білдіруін, тергеуге көмектесуін, кәмелетке толмаған балаларының болуын және келтірілген зиянды ерікті түрде өтеуін ескерді. Ал әскери антты бұзуы – ауырлататын мән-жай ретінде танылды.

Семей гарнизонының әскери соты айыпталушыны Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі 2,4-тармақтары (Мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті адамның бірнеше рет жасаған алаяқтық) бойынша кінәлі деп танып, оған жымқырылған соманың сегіз еселенген мөлшерінде 29,2 миллион теңге айыппұл тағайындады.

Айыпталушының үйқамақта болған уақытын ескеріп, сотталушы 28 464 750 теңге төлеуге міндеттелді. Сонымен қатар, офицер “лейтенант” әскери атағынан және мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Ол айыппұлды алты ай ішінде өтеуі қажет.

“Сот кабинеті” жүйесінде жарияланған материалдарда соттың сотталушыға ақша берген тұлғаларға қатысты қандай шара қолданғаны нақтыланбады. Сондай-ақ сот құжаттарында тергеу барысында сотталушыдан тәркіленген ақша сот шешімімен мемлекеттік бюджет кірісіне аударылатыны көрсетілген.

“Сотталушыдан жәбірленушілерге өтемақы қорының пайдасына 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 78 640 теңге көлемінде мәжбүрлі төлем өндірілсін. Үкім заңды күшіне енгеннен кейін, автокөлікті тінту кезінде алынған 250 000 теңге көлеміндегі ақша мемлекет кірісіне тәркіленсін”, – делінген сот шешімінде.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 16 Ақпан, 2026 08:44