Павлодарда моншаға барған жасөспірімдер ауруханадан бір-ақ шықты
Павлодарда бес жеткіншек хлордан уланып қалды. Шаһардағы жекеменшік моншалардың біріне әке-шешелерімен бірге барған олар бірер сағаттан соң ауруханадан бір-ақ шыққан. Ата-аналардың айтуынша, балалар бассейнде ойнағаннан соң өздерін нашар сезінген, деп хабарлайды КТК арнасы.
Тәуелсіздік күні мерекесін Нұрмахамбетовтар әулетіндегі ересектермен қоса балалардың да көпке дейін ұмытпайтыны анық. Туыстарымен жекеменшік моншаға барған олар бассейні бар саунаны таңдапты. Моншаны жай емес, сауықтыру орталығынан 4 сағатқа жалға алған. Бірақ бірнеше сағаттан соң жеткіншектердің бірі өзін нашар сезіне бастайды. Бұдан соң екіншісі, кейін суға түскен тағы үш бала ауырып, емханадан бір-ақ шыққан.
“Балалар бірінен соң бірі құса бастады. Шошып кетіп, бірден жедел жәрдем шақырттық. Сосын монша әкімшілігін шақырдық. Олар бізді қуа бастады. Тіпті күзет шақыртып, бізден тез құтылғылары келді. Бассейнге түсіп көріп едім, көзім ашып кетті. Сонда бар бәленің ондағы судан екенін ұқтым”, – дейді Павлодар тұрғыны Азамат Нұрмахамбетов.
Бала-шағасымен шулап, есі шыққан ата-аналар бұдан соң моншаға полиция шақыртуға мәжбүр болдық дейді. Өйткені сынама үшін бассейннен су аламыз дегенде сауна әкімшілігі күзетшілерімен қоқаң-лоққы көрсете бастапты. Ақыры аурухаға жеткен олар балалардың су құрамында болған хлордан уланғанын білген.
“Қан шықпайды. Хлор организимге түссе, қан шықпайды екен”, – дейді Бақытгүл Әбілқасова.
Төрт тәулік ауруханада жатқан балалар болса қазір үйлеріне жіберілген. Ақ халаттылардың айтуынша, жеткіншектерге дер кезінде ем-дом жасалмағанда, жағдай ушығып, оқиға өкінішпен аяқталуы мүмкін еді.
“Хлор ағзаға тыныс алу ағзалары арқылы түскен. Бұл ары қарай жөтел, қабыну аурулары, бронхит, бронхиолит, пневмония сияқты асқынуға әкелуі мүмкін”, – дейді Павлодар облыстық балалар ауруханасының дәрігері Сымбат Мұратова.
Ал бес бала уланған сауықтыру орталығының басшылығы бұл жағдайға қатысты әзірге жұмған ауыздарын ашпай отыр. Ал полициядағылар қылмыс құрамы жоқ деп іс қозғамай қойған.
Ал монша орналасқан сауықтыру орталығы 16 жылдан бері жұмыс істейді. Саунадан бөлек онда жұртқа медициналық қызмет те көрсетілетінін айта кетейік. Ал онда рахатқа батамыз деп барып, ауруханадан бір-ақ шыққан тұрғындар балаларының жағдайын сұрап келмеген мекеме басшылығына өкпелі. Уланған ұл-қыздарының денсаулығы үшін алаңдайтынын айтқан олар енді монша иесінен моральдық шығын талап етеміз деп отыр.
Жіберіп алмаңыз:
Ақтөбелік тұрғын балаларының көзінше келіншегін бауыздамақ болған
Қазақстандағы байлар мен олардың отбасын кімдер, қалай және қаншаға қорғайтынын анықталды (фото)
Қызылордалық келін: Қайын апаларымның қонағын күтіп, үйін жинап кету міндетім (фото)