Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"59 миллион теңге шығын әкелген": Павлодарда құлаған жаңа жылдық шыршаға қатысты сот отырысы аяқталды

Павлодарда соттың өтуіне жаңа жылдық шырша себеп болды. Қаңтар айында ол желден құлаған. Әкімдік шыршаны орнатқан кәсіпкерлер қауіп-қатерді болжамағанын айтып, орнына басқасын ауыстыруды талап еткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото видеокадрдан скриншот жасалған

Қалада шыршаға қатысты төтенше жағдай 10 қаңтарда болды. Бұл оқиғаны сол кезде бүкіл ел талқылады. Себебі құлаған ағаш қазынаға 59 миллион теңге шығын әкелген. Осылайша шенеуніктер жеткізушілерді сотқа беруге шешім қабылдады. Кепілдік мерзімінің аяқталмауына байланысты әкімдік ағашты ауыстыру керек деп талап қойған.

Кәсіпкерлер бастапқыда әкімдіктің мұндай уәждеріне келіскен. Алайда кәсіп иесі апелляциялық шағым түсіріп, жеңіп шыққан. Оның айтуынша, құбылмалы ауа райының қолайсыздығы кінәлі. Синоптиктер сол күні қатты дауыл болатынын алдын ала ескерткен. Ол ағаштың құлауы форс-мажорлық жағдай, басқа ештеңе емес екенін айтқан. 

Павлодарлықтар 2025 жылды былтырғы жаңа жылдық дизайнмен қарсы алуы әбден мүмкін.

Павлодар облыстық соты баспасөз қызметінің бас маманы Маржан Құрманғалиева қаулының неліктен күші жойылғанын түсіндірді.

"Шыршаның құлауы 10.1 келісімшарттың форс-мажорлық тармағына сәйкес табиғи төтенше жағдайға байланысты. Өйткені бұл оқиға тараптардың бақылауында болмаған және күтпеген сипатта болған. Тиісінше, жауапкер шарт талаптарын орындамағаны үшін жауап бермейді. Сондықтан талап арызды толық қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа қаулымен бірінші сатыдағы соттың қаулысының күші жойылды", – деді сот өкілі.



Еске салайық, бұған дейін Ақтауда қатты желден жаңа жылдық шырша құлап қалғанын жаздық. Шырша екпінді желге төтеп бере алмай, жерге құлаған. Видео кадрларына қарағанда, бұл сәтте шыршаның айналасында адам болмаған. Зардап шеккендер жоқ. 

Талқылау