Павлодарда ер адам бұрынғы әйелін өлтіру үшін киллер жалдаған
Фото: Irbistv.kz
Павлодарда бұрынғы әйелін өлтірмек болған ер адамға үкім шықты. Онымен бірге тағы екі адам тергеліп жатыр. Олардың бірі – ер адам әйелін өлтіру үшін жалдаған киллер. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі irbistv.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Ольга Горкунова бұрынғы күйеуімен бірге 15 жыл тұрып, үш жыл бұрын ажырасып кеткен. Ажырасқаннан кейін мүлік бөлісі болған. Әйелдің айтуынша, ол пәтер мен үш баланы күйеуіне беруден бас тартып, тек көлікті алып кетуіне келісім берген.
Былтыр жазда оған киллер шабуыл жасаған. Әйел мұндай жағдайдың болатынын алдын ала сезгенін де жасырмады.
“Жай ғана мүлде бейтаныс адам мен таңертең жұмысқа бара жатқанда, артымнан келіп, пышақпен ұра бастады. Ештеңе айтқан жоқ. Бірақ мен үшін бұл істің артында бұрынғы күйеуімнің тұрғаны анық еді. Өйткені бізде қорқыту, ұрып-соғу және оның адамға лайықсыз қарым-қатынас жасағаны бойынша соттар болды”, – дейді жәбірленуші.
Киллер әйелдің мойны мен кеудесіне пышақ жарақатын салған. Ол үш жарым литр қан жоғалтқан, десе де аман қалды. Нәтижесінде полиция әйелдің бұрынғы күйеуімен қоса тағы екі адамды ұстады.
Адам өлтіруге оқталу фактісі бойынша қозғалды. Іс төрт ай бойы сотта қаралып, 26 маусымда айыптау үкімі шықты.
“Жәбірленуші ең қатаң жаза тағайындауды сұрады. Жазаға қатысты мынаны түсіндіре кетейін: айыпталушылар кісі өлтіруге оқталу бойынша айыпталғандықтан, жаза мерзімі ең жоғары жазаның төрттен үшінен аспауға тиіс. Сонымен қатар олардың кінәсін ауырлататын мән-жайлар болмағандықтан, сот 11 жыл 3 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады", — деді Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Нұрлан Каирбеков.
Әр сотталушының апелляциялық шағым беру құқығы бар. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ. Сондай-ақ бас бостандығынан айыру жазасынан бөлек, ортақ жауапкершілікпен әрқайсысы жәбірленушіге келтірген моральдық зиян үшін 8 миллион теңге мөлшерінде өтемақы төлеуге міндеттелді.