Павлодарда бүлдіршін бесінші қабаттан құлап, аман қалды
Павлодарда кішкентай бала бесінші қабаттан құлап, аман қалды. Жеңіл жарақат алған бүлдіршін, жақын арада ауруханадан шығады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: tver.mk.ru
Дәрігерлер болған оқиғаны ғажайыпқа теліп отыр. Мамандардың айтуынша, бала қосымша ультрадыбыс зерттеуінен өткен және жағдайы қалыпты болған.
“Сәбидің қалай аман қалғанын білмейміз. Тіпті не болғанын түсінбей қалдық. Ешқандай дүрбелең болмады”, – дейді дәрігерлер.
Павлодар облыстық балалар ауруханасының өкілі Камила Дайырованың сөзінше, бала небәрі бір жас сегіз айлық. Құлаған соң жабық бас-ми жарақатын алып, миы шайқалған.
Жыл басынан бері Павлодарда балалардың көпқабатты үйлердің терезелерінен құлауы бойынша 11 оқиға тіркелген. Әдетте ол трагедиямен аяқталады дейді.
“Айтайын дегенім, балалардың бәрінің бірдей жолы бола бермейді. Дәрігерлер айтқандай, баланың жарақат алмағаны таңғаларлық оқиға. Сондықтан кішкентай балаларды үлкендердің қарауынсыз қалдырмауға және терезелерге қорғаныс қоюға кеңес беремін”, – деді Дайырова.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда 3 жасар бала терезеден құлап көз жұмғаны туралы жазған едік.