Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Павлодарда боранда көліктерге жол көрсеткен ауыл мұғалімі марапатталды

Фото: Видеодан скрин

Павлодар облысында боран кезінде қар құрсауында қалған жүргізушілерге жол көрсеткен әйел марапатталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Бірінші арнаға сілтеме жасап хабарлайды. 

Оқиға Ақсу мен Павлодар қалалары арасындағы тасжолда болған. Песчан ауылындағы мектептің мұғалімі Мария Бедрина жұбайымен бірге перзентханадан қайтып келе жатқан. Олар қызын және жаңа туған немересін көріп шыққан. Жолда боран күшейіп, көріну деңгейі күрт төмендейді. Сол кезде Мария Бедрина ойланбастан көліктен түсіп, жолға шығып, қар құрсауында қалған көліктерге бағыт көрсеткен.

Әйел алда жаяу жүріп, бірнеше көліктен құралған колоннаны қауіпсіз бағытқа бастап барған. Қар басқан жолдағы 4 шақырымдық қашықтықты еңсеруге шамамен 3 сағат уақыт кеткен. Осы әрекетінен кейін ауыл мұғалімі әлеуметтік желілерде көпшілік құрметіне ие болды.


Балаларды өрттен құтқарған шығысқазақстандық мұғалім марапатталды


Астанада Есілге батып бара жатқан адамды құтқарған тұрғын марапатталды


Павлодар облыстық Төтенше жағдайлар департаменті өкілдерінің айтуынша, төтенше жағдай кезінде адамдардың көпшілігі көмектесудің орнына оқиғаны телефонға түсірумен шектеледі. Ал Мария Бедринаның әрекеті керісінше адамдарға нақты көмек көрсетуге бағытталған.

Сол себепті құтқарушылар ауыл мұғалімінің батылдығы мен жанашырлығына таңданып, оған алғыс білдіріп, арнайы марапат тапсырды.

Ал Мария Бедринаның өзі бұл әрекетін ерекше ерлік деп санамаймын дейді. Оның сөзінше, боранда жаяу жүргеніне түрткі болған жай ғана қызығушылық.

“4 шақырым – аса үлкен қашықтық емес. Мен спортпен айналысамын, облыстық жарыстарда шаңғымен 5 шақырымды уақытқа өтеміз. Сондықтан 4 шақырымды жаяу жүруді үлкен жетістік деп ойламаймын”, – дейді ол.

Айта кетейік, Мария Бедринаның жаңа туған немересіне Есенина деген символикалық есім берілген. Бұл есім көктемнің жақындауына орай қойылған.

Айта кетейік, бұған дейін Таразда аялдамада қызды алып қашуға жол бермеген ер адам марапатталғаны туралы жазған едік.

Нұрила Жұмаділлә
Сәрсенбі, 18 Наурыз, 2026 18:31