Павлодарда балаларды құтқарып қалған полицейлердің ерлігіне күмән келтірілді
Павлодар-Астана тас жолында балалар мінген автобусты көлігімен қорғап қалған полиция экипажы “Ерлігі үшін” марапатына ұсынылуы мүмкін, алайда танымал адвокат Анатолий Утбанов құқық қорғаушылардың ерлігіне күмән келтіріп отыр.
Ерлік пе? Жол апаты 17 ақпан күні таңертең болған. Баянауыл АІІБ қызметкерлері – полиция старшинасы Мұрат Нұрсейітов пен сержант Баянбек Жүнісов мінген полиция көлігі балалар автобусымен бірге келе жатқан болатын. 18 бала мен 4 ересек адам Павлодар қаласына жарысқа бара жатыр еді. Полиция мәліметінше, 50 жасар КамАЗ автокөлігінің жүргізушісі қарама-қарсы бетке өтіп кетіп, балалар мінген автобусты соғуға шақ қалады.
Полицейлер балаларды құтқару үшін өздерінің “Лада Гранта” көлігін КамАЗ-дың алдына көлегейлеген. Полиция көлігінің жүргізушісі Мұрат Нұрсейітов ауыр хәлде Павлодардағы ауруханаға жатқызылды. Оның әріптесі болар-болмас жарақат алған. Жүк көлік жүргізушісі мен автобус жолаушылары зардап шеккен жоқ.
“Облыстық ІІД полицейлерге “Ерлігі үшін” марапатын беру туралы ұсыныс жолдады. Жол апатына келер болсақ, сараптамалар жүргізілуде, нәтижесі туралы кейінірек хабарланады”, — деп хабарлады облыстық ішкі істер департаменті. Кінәлі ме? Елордалық танымал адвокат Анатолий Утбанов полицейлердің пікірінен мүлдем бөлек ой тастады. Заңгердің пайымдауынша, біреудің әрекетін ерлік санап, екіншісін айыптауға әлі ерте.
“Жол полициясы қызметкерлері ерлік жасады деп жатыр… Басқаша айтқанда, автотехникалық және басқа да сараптамалардың нәтижесі шықпай жатып, тергеу ісі жүргізіліп үлгерместен, сот үкімі шығарылып, заңды күшіне енбестен, қарапайым шопырды айыпты деп таныды”, — деп жазады адвокат Facebook парақшасында.
“Ал, енді осы жайтқа басқа бір болжам жасап көрейікші. Сіз КамАЗ шопырысыз, тар жолмен жүріп келесіз, боран соғып тұр, қарама-қарсы автобус келе жатыр. Кенеттен патрулдік көлік автобусты озамын деп қарсы алдыңыздан шыға келеді. Жол апатын болдырмаудың басқа амалы жоқ, ақыры болар іс болады – патрулдік көлік КамАЗ-дың астына түседі. Әлбетте, төбеңізден жай түскендей күйдесіз, қызметкерлердің амандығын тілейсіз және тергеудің әділ өтуіне үміт артасыз. Алайда бірнеше сағаттардан соң ІІД болған оқиғаны полицейлердің ерлігі деп мәлімдейді. Бүкіл БАҚ іле-шала жаза бастайды. Осыдан кейін әділ тергеуге қалайша үміт артпақсыз? Оның үстіне, оны тергейтін жаңағы қаһармандардың әріптестері болса?”, — дейді Утбанов.
Алайда, адвокат бұл пікірінің қате болуын да жоққа шығармайды. Сол себепті ішкі істер департаментінің “қызметкер автокөлігіндегі регистраторға түсірілген бейнежазбаны жариялап, сөздерін дәлелдегені” жөн деп санайды. Алайда, баянауылдық полицейлер көлігінде регистратор болмай шықты. “Бізде бейнерегистратормен жабдықтау үш жыл бойы жүргізілуде. Павлодар, Екібастұз, Ақсу сияқты ірі бөлімшелер жабдықталды. Қазір аудандық полиция бөлімшелерін жарақтандырып жатырмыз”, — деп хабарлады Павлодар облысы ІІД жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары Ғалым Сарғұлов. Павлодарлық пациент старшина Нұрсейітовтің жағдайы әлі күнге дейін ауыр. Полицейді Астанаға емделуге жіберуге шешім қабылданды.
“ҚР ІІМ штаттан тыс бас травматологымен келісіп, пациентті республикалық санавиация желісі бойынша Астана №1 қалалық ауруханасының политравма бөліміне жеткізуді жоспарлап отырмыз”, — деп мәлімдеді Павлодар қаласы №1 қалалық ауруханасының политравма бөлімі меңгерушісі Кеңес Ақылжанов. Дәрігерлердің айтуынша, полицей есін жиғанымен, жағдайы әлі күнге дейін ауыр хәлде. Павлодар облысындағы қатты боранның салдарынын Астанаға тікұшақ кешіктіріліп жіберілетін болады деп хабарлады Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасы.
Бұған дейін оқушыларды жарысқа жеткізіп тастамақшы болған полицейлер өз өмірін қатерге тіге отырып құтқарғаны жайлы жазған болатынбыз.
Жіберіп алмаңыз:
Жарақат алған полицейдің әйелі: “КамАЗ” жүргізушісі ауруханаға кешірім сұрап келді
Балаларды ірі жол апатынан құтқарып қалған павлодарлық полицей есін жиды
Алматыда жас жігіт сүйіктісін пәтерге шақырып досына зорлатқан (фото, видео)